Ақмола облысында үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешілуде?

21 Маусым 2021, 19:16
6025
Бөлісу:
Ақмола облысында үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешілуде?

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында үш ауысымды оқыту және мектептердегі орын тапшылығы мәселелерін шешу үшін таяудағы бес жыл ішінде 38 мектеп пен қосымша оқу корпустарын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыста 556 күндізгі жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. 12 үш ауысымның жетеуі, апатты жағдайдағы үш мектептің екеуі қалды.

Өңірде үш ауысымды мектептер проблемасын шешу мақсатында өткен жылы Целиноград ауданының Қоянды ауылында 1200 орындық, Қажымұқан ауылында 300 орындық, Қарамеңді батыр ауылында 120 орындық үш мектептің, Көкшетауда №6 мектепте 300 орындық, №13 мектеп-гимназиясында 420 орындық қосымша ғимарат құрылысы аяқталды. Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 334 млн теңгеге Жарқайың ауданындағы Н.Крупская атындағы мектеп ғимараты жөнделді, – дейді басқарма басшысы.

Оның хабарлауынша, биыл Целиноград ауданының ауылдарында 3132 орындық он мектеп, Көкшетау қаласындағы №1 орта мектеп-гимназиясында 600 орындық, Жарқайың, Аршалы, Целиноград аудандарындағы мектеп ғимараттарын қолданысқа беру көзделуде.

Жаңа оқу жылына дейін облыстың 47 мектебіне жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарлануда. Осылайша, облыстағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою мәселелерін 2023 жылға дейін шешу жоспарлануда, – деп нақтылады Бейбіт Жүсіпов.

Өңірде мектеп түлектерінің еңбек нарығының сұранысына сай мамандықтарға ие болуы үшін мемлекеттік шаралар қабылдануда.

Білім басқармасының басшысы облыс колледждеріндегі бюджеттік орындар саны әлеуетті талапкерлер санына жақындағанын растайтын мәліметтерді келтірді.

Биыл облыс мектептерінде 10283 оқушы 9 сыныпты аяқтады, алдын ала деректер бойынша 5552 оқушы колледждерге түсуді жоспарлап отыр. 11 сыныптың 5053 түлегінің 480-і осындай тілек білдірді. Өңірлік еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, 2021-2022 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 4790 орынды құрады. Сонымен қатар 1190 талапкер «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламасы аясында тегін қабылданады. Оның қатысушылары үшін оқу ақысы, бір реттік ыстық тамақ, шәкіртақы мен жол ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылған, – дейді Бейбіт Жүсіпов.

Бүгінде облыс колледждерінде бюджеттік қаржыландыру аясында 16713 адам білім алуда.

Облыстағы 32 колледждің әрқайсысында ұсынылған 94 мамандықтың кез келгеніне қол жеткізуге болады. 23 колледж аккредиттеу рәсімінен өтті, 10 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымы жоғары колледж мәртебесіне ие, 6 жоғары колледжде қолданбалы бакалавриат енгізілді. Көкшетау мен Степногорск қалаларында оқитын студенттер өнеркәсіптік кәсіпорындарда дәстүрлі практикадан өтіп қана қоймай, өздеріне бекітілген шеберлердің басшылығымен әрі қарай жұмыс істеу үшін қажетті дағдылар мен құзыреттерге ие болады, өндірістік процеске тікелей қатысады, – деп түйіндеді басқарма басшысы.

 


Өзгелердің жаңалығы