Бас жаңалықтар
Ақмола облысында «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылды
17 Сәуiр 2021, 12:30 220

Ақмола облысында «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылауға арналған «Ashyq» мобильді қосымшасын енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады.

Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бқылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина жоба арқылы карантин ережелеріне сәйкес жабық нысандарға қалай кіруге болатындығын түсіндірді. 

Алдымен InfoKazakhstan.kz сайтына тіркеліп, QR-код алу керек. Бұл код театрға кіре берісте орналастырылады және «қызыл», «сары», «жасыл» немесе «көк» деген мәртебені анықтау үшін әрбір келушінінің QR-коды сканерленеді. Содан кейін «қызыл» немесе «сары» мәртебесі бар адамдар туралы мәліметтер бізге жіберіледі. Бұл автоматты түрде қосымша немесе телефон арқылы жүзеге асырылады. Әрине, ол үшін «Ashyq» қосымшасы барлық келушілердің смартфондарына орнатылуы керек. Смартфон немесе қосымша болмаған жағдайда келуші мәртебесін ЖСН нөмірі бойынша деректер базасынан тексеруге болады, – дейді Айнагүл Мусина. 

«Қызыл» мәртебе деректер базасында адамның covid-19 бойынша оң нәтижемен тіркелгенін, «сары» вирус жұқтырған адаммен байланыста болғанын көрсетеді. «Жасыл» –теріс нәтижемен ПТР-тестілеуден өткенін, «көк» – ПТР-тестілеу нәтижесі жоқ дегенді білдіреді. 

Айнагүл Мусина атап өткендей, барлық нысандар «Ashyq» жобасына өз еркімен қатысады, ал QR-кодты алғаннан кейін тағы бір апта бойы осындай жүйенің сәйкестігін тексеру үшін тестілік режимде жұмыс істеуге құқылы. 

Жобаға қатысу бизнеске көптеген артықшылық береді. Егер өңір сырқаттанушылық бойынша «қызыл» аймақта болса, қосымшаны пайдаланатын ұйымдарға «сары аймақта» қолданылатын қағидалар қолданылады. Мысалы, QR-код бойынша келушілерді қабылдайтын фитнес-клубтар демалыс күндері жұмысын жалғастыра алады. Бұл басқа мекемелерге де қатысты. Сонымен қатар елдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, мамыр айында тіпті банкет залдарында (50 адамнан аспайтын) және «Ashyq» қосымшасын пайдаланатындарға караоке-барларда жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Жобаның коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациямен еш байланысы жоқ, - деп нақтылады бас санитарлық дәрігер. 

Оның айтуынша, қосымша жобаға қатысатын аймақтардың тұрғындары үшін қауіпсіз орта құруға көмектеседі. Коронавирус жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың карантин режимін бұзу жағдайлары сирек емес.

Заң бұзушылар вирустың таралу қаупін тудыратын адамдар көп жиналатын жерлерге баратыны анық. Қосымша осындай келушілерді анықтауға және басқа қонақтарды немесе қызметкерлерге жұқтырудың алдын алуға мүмкіндік береді.



Фото: дереккөз
Загрузка...