Әкімдіктер сайтында вакцинациялау мен егу пункттерінің мекенжайлары туралы нақты ақпарат жоқ – Мамин

16 Наурыз 2021, 11:30
1267
Бөлісу:
Әкімдіктер сайтында вакцинациялау мен егу пункттерінің мекенжайлары туралы нақты ақпарат жоқ – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысы барысында айтты.

Қазіргі уақытта коронавирус ауруының өсуі байқалады. Әсіресе, «қызыл» аймаққа кірген Алматы,                          Нұр-Сұлтан қалаларында және Батыс Қазақстан облысында сырқаттанушылық көрсеткіші басым. Вирустың репродуктивтік көрсеткіші республика бойынша 1,1 құрайды. Инфекциялық ауруханалар 24% толық. Вирустың таралу деңгейінің өсуі негізінен - халықтың шектеу шараларын, бетперде (маска) тағу режимін және әлеуметтік қашықтықты жеткіліксіз сақтау салдарынан болып отыр. Сондықтан тұрғындар профилактикалық және санитариялық нормаларды жоғары жауапкершілікпен сақтаулары тиіс, - деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, вакцинациялау - коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте маңызы зор фактор. Сондықтан қазір оған қолжетімділікті қамтамасыз ету және жаппай егу - пандемиямен күресудегі басты міндет болып отыр.  
Ақпан айынан елімізде халықты вакцинациялау басталды. Алғашқылардың қатарында медицина қызметкерлері, одан кейін мұғалімдер, полиция мен күштік құрылымдардың қызметкерлері екпе алды. Вакцина алғандардың барлығының жағдайы жақсы, вакцина қалыпты әсер етті және теріс көрсеткіші байқалған жоқ. Қазақстанда ресейлік вакцинаны шығару жолға қойылды және отандық вакцина да тіркелетін болады. Сәуір айында вакцина алатындардың, әсіресе егде жастағы адамдардың саны елеулі артады. Бұл шаралар тұрғындарда ұжымдық иммунитет қалыптастырып, инфекцияның одан әрі таралуын шектеуге мүмкіндік береді, - деді Мамин.

Премьер-министр атамыш фактор пандемиямен күресте және экономикалық өсуді қалпына келтіруде аса маңызды екенін айта келе, тиісті тапсырмалар берді.

Ең алдымен, әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігі вакцина алатындардың санын арттыруды қамтамасыз етуі қажет. Ол үшін вакцинаны сақтау мен тасымалдау үшін қажетті жағдайлары бар егу кабинеттерін қосымша ашу керек. Ақпарат министрлігімен бірлесіп, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту де маңызды. Әкімдіктердің сайтында вакцинациялау, оның пайдасы мен егу пункттерінің мекенжайлары туралы нақты ақпарат жоқ. Халық арасында вакцинациялаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін қоғам мен медицина қызметкерлерінің арасында семинарлар ұйымдастыру керек.  Денсаулық сақтау министрлігіне наурыз айының соңына дейін егу пункттерінің дайындығын бақылап, вакцинаны қажетті көлемде, уақтылы жеткізу үшін барлық мәселелерді шешуді тапсырамын, - деді ол.

Асқар Мамин өңірлер әкімдіктері тұрғындардың, әсіресе, ұжымдарда, білім беру ұйымдарында шектеу шараларын сақтауын қамтамасыз етуі керек екенін айтты. Ол адамдар көп жиналатын ойын-сауық іс-шараларының өткізілуіне жол берілмеуі керегін қатаң тапсырды.

Алдағы мереке күндері осыны естен шығармау керек. Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, мониторингтеу топтарының жұмысын күшейтсін және тәртіп бұзушыларды қатаң жауапқа тартсын. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, ауру ошақтарында жедел шара қолданып, шектеу шараларын қайта қарасын. Науқастармен байланыста болған барлық адамдарға коронавирусқа тестілеу міндетті түрде жүргізіліп, бақылауда болуы керек.  Бұл ретте күнделікті жүргізілетін ПТР-тестілеу деңгейі төмендемеуі тиіс, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы