Әкімдік дінтану мамандығына  15 грант бөлді
22 Қараша 2021, 18:14 344

Әкімдік дінтану мамандығына 15 грант бөлді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзге мемлекеттердің күмәнді діни оқу орындарында білім алу арқылы деструктивті діни ағымға түсіп кету қаупі жоғары. Өз елінде діни сауаттылығын арттырмастан, шекара асып, білімді сонда алам деуші жастарға дінтанушы, сарапшы, «Діндерді зерттеу орталығы» Мониторинг және аналитика бөлімінің басшысы Бексұлтан Абдуллов діни оқу орнын таңдауда неге мән беру керектігі жөнінде және еліміздегі рухани оқу орындары туралы пікір білдірді.

- Бексұлтан Төреханұлы, қазіргі таңда жастар шет ел асып білім алуға құштар. Бұл тенденция дін саласында да бар. Оның қауіптілігі неде?

- Дұрыс айтасыз. Қазіргі кезде жастар өз елінде діни білім алмастан, шет ел асуы көңілге күдік ұялататын мәселелердің бірі. Не дегенмен де, дін саласы адамның санасымен, сезімімен, эмоциясымен тікелей байланысты. Әсіресе, теологиялық білім алуға аттанатын жастардың елден қандай да бір білім алып, содан кейін барып шекара асқаны жөн. Халықаралық террористік топтар да аталған білім ордалары арқылы өздерінің арам ойларын іске асыруға талпынады. Сол себепті де, шет елдік оқу орындарын таңдауда аса сақ болу керек.

- Мемлекет тарапынан осындай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қолданылуда?

- Дін істері коммитеті Дін саласындағы ағымдағы заңнаманы жетілдіру шеңберінде 2018 жылы Қазақстан азаматтарының шетелдік теологиялық және діни білім алуын шектеуге қатысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына түзетулер енгізуге талпыныс жасаған еді. Діни білімді шет елден алмас бұрын, бірінші отандық оқу орындарында оқу керек деген ұсыныс айтылды. Қазіргі таңда бұл заң жобасы қабылданған жоқ, өзгерістер енгізу сатысында тұр.

- Ал елімізде діни білім беретін оқу ордалары бар ма?

- Әрине, бар. Бәрімізге белгілі тәуелсіздік алған алғашқы жылдары дін саласында мамандар жеткіліксіз болды. Ал, қазіргі таңда бұл шешілген мәселе. Елімізде 13 рухани оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде ислам бағыты бойынша – 11 (1 – «Нұр-Мүбарак» университеті, 9 – медресе-колледж, 1 – ҚМДБ жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру Ислам институты»); христиандық бағыт бойынша – 2 (1 – Алматы право- славиялық рухани семинариясы және 1 – Қарағандыда «Мәрия – Шіркеу ана- сы» мұрағатаралық жоғары рухани семинариясы). «Нұр-Мүбарак» университетінің базасында «исламтану», «дінтану» және «теология» мамандықтары бойынша мамандар даярланады. Ислам оқу орындарынан бөлек, мемелекетімізде Қазақстан Православ шіркеуі мен Рим Католик шіркеуі арқылы христиандық бірлестіктер желісі бойынша діни қызметшілерін даярлау жүргізіледі. Діни білімді Алматы православиялық рухани семинариясында және Қарағандыдағы Католик мұрағатаралық жоғары рухани семинариясында алуға болады.

- Аталған мамандықтарды таңдайтын жастардың үлесі қанша? Сонымен қатар мемлекет тарапынан гранттар бөлінеді ме?

- Жылдан жылға мамандыққа деген қызығушылық артып келе жатыр. Жоғарыда атап өткендей шет елге кетуден бұрын, діни білімнің іргетасын еліміздің оқу ордаларында қалап, жақсы маман болуға болады. Мысалы, жоғарыда атап өткен мамандықтар бойынша 2020-2021 жылдары 385 мемлекеттік гранттары бөлінді. Тағы да атап өтетін жайт, «Нұр-Мүбарак» университетіне Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі өткен жылы 15 студентке грант бөлген болатын, биыл да әкімдік студенттерге тегін оқуға мүмкіндік беретін 15 грант бөлді. Бұл да өз кезегінде студенттерге көрсетіліп отырған мүмкіндік.

- Оқу бітіргеннен кейін мамадық бойынша жұмыс табу қиын емес пе? Негізінен мамандыққа деген сұраныс қандай?

- Дін саласы – өзекті салалардың бірі. Жақсы, білікті мамандарға сұраныс, әрине, болады. Мысалы, дін саласы бойынша оқу орындарын бітірген түлектер Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасында, өңірлік діндерді зерттеу орталықтарында, ҚАЖК жүйесінде, ҮЕҰ-да еңбек етуде.

- Көпті қызықтыратын сұрақтардың бірі, дінтанушылық білім мен теологиялық білімнің айырмашылығы неде?

- Біздің еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан дінтанушылар тек бір дінді зерттеп қоймайды. Дінтану мамандығы ғылымға негізделеді, әлемдік діндердің пайда болуын, дамуын, теориясын зерттейтін мамандық. Ал, теологтар, олар бір бағытты ұстанып, яғни өздері ұстанған дінді тереңінен зерттеп, практикада қолданатын мамандар.

- Сөз соңында, діни мамандық таңдағанда нені ескерген жөн деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, ең алдымен мамандықтың маңыздылығын түсіну керек. Себебі әртүрлі діни орталықтардағы дінтанушылар мен діни қызметкерлер адам идеологиясына байланысты жұмыстар атқарады. Ал, идеология өте нәзік нәрсе, бірақ ол адамның санасына, тұрмыс-тіршілігіне әсер ететін үлкен күшке ие. Болашақ мамандардың жұмысқа деген ұмтылысы, шыдамдылығы мен жауапкершілігі болуы керек.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...