Әкім: Ақтөбе облысына 558 млрд теңге инвестиция тартылды
04 Қараша 2021, 14:11 463

Әкім: Ақтөбе облысына 558 млрд теңге инвестиция тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылдың тоғыз айы ішінде Ақтөбе облысына 558 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мәлім етті. 

Өңірлер арасында алғашқы бестіктеміз. Нақтылап айтсақ төртінші орынды иемденіп отырмыз. Инвестиция тарту өңіріміздің дамуына қосымша серпін береді. Осыған байланысты облыста қолайлы инвестициялық климат құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Ал, жыл соңына дейін 800 млрд. теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлаудамыз. Оның алғышарттары жасалды,- деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Инвестициялық жобалардың ішіндегі ірілері – «Актобе ТЭЦ» АҚ-ның жылу-электр орталығын жаңғырту жобасы, құны 20 млрд. теңге; «West Smart Trading» ЖШС-нің құны 13,8 млрд. теңге болатын мәліметтерді өңдеу орталығы, «Gas Processing Company» ЖШС-нің құны 5,4 млрд. теңге болатын газды кешенді дайындайтын қондырғыны қалпына келтіру жұмыстары.

Шағын және орта бизнес саласының дамуында да оң динамика байқалады.

Президент өз Жолдауында пандемия кезінде бизнесті қолдау шаралары өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өтіп, осы бағдарламаларды одан әрі де жалғастыруды тапсырды. Жалпы Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 9 айдың қорытындысы бойынша 2,5 мыңнан астам шағын орта бизнес жобалары қолдау тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп,- дейді О.Оразалин.

Ол жыл соңына дейін шағын және орта бизнестің 3,3 мыңдай субъектісін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отырғанын айтты.


Фото: дереккөз
Загрузка...