Ахуалың қалай, ауылдық кітапхана?!

3 Мамыр 2020, 20:00
3672
Бөлісу:
Ахуалың қалай, ауылдық кітапхана?!
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында 274 кітапхана бар болса, оның 263-і аудан орталықтары мен ауылдарда орналасқан. Өткен жылы жеке үйлерде орналасқан 14 ауылдық кітапхана оңтайландыруға ұсынылып, жабылған.

Кітапқұмарлар қай аймақта көп?

Жауапты жергілікті басқармадан білгеніміздей, жұмыстарын тоқтатқан рухани орталықтардың 5-уі Т.Рысқұлов ауданында болса, 2-уі Шу ауданында, 3-уі Меркі ауданында, 4-уі Қордай ауданында екен. Ол үшін аудан әкімдіктері арнайы қаулы шығарып, шешім қабылдаған. Бұлардың дені жекелеген тұрғын үйлерде орын тепкен екен. Алайда, жергілікті әкімдіктің, мектептің, балабақшаның ішінде орналасқан ауылдық кітапханалар әлі де бар көрінеді.

Ресми мәліметке сүйенсек, оқырманы ең көп кітапханалардың көпшілігі Қордай ауданында орналасыпты. 37 кітапханаға жыл сайын 37 мың шамасында оқырман бас сұғатын көрінеді. Сарысу ауданында да солай, ондағы 26 кітапхананың қызметін 12 айдың ішінде 24 мыңға тарта адам пайдаланып, рейтингте екінші орынға шыққан. Онда халық саны Қордайдан төрт есе, басқа аудандардан екі-үш есе аз екенін ескерсек, шынында да ерекше көрсеткіш.

Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Айбала Жолмаханованың айтуынша, олар іс-шараларды жиі өткізу арқылы оқырман санын арттыруға қол жеткізген. Оның үстіне, жылжымалы кітапхана қызметі де бар.

Жылжымалы қызмет арқылы ардагерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне кітапты апарып беріп, тұрғындардың көркем әдебиетке қызығушылығын оятуға тырысамыз. Кезінде кітапханада «Кейбір жаңа келген кітаптар мүлдем ашылмай, шаң басып тұрады екен» деген де сөзді жиі еститінбіз. Ал қазір тапсырыспен келген жаңа кітаптардың беті жиі парақталып, оқырмандардың сұранысына ие болып жатыр. Ол – аудандағы 63 кітапхана қызметкерінің еңбегі, - дейді ол. 

Үздік үш ауданның қатарына 21 мыңнан астам оқырманмен Шу ауданы кірсе, одан кейінгі орындарда Т.Рысқұлов, Меркі, Жамбыл аудандары шамалас тұр. Тұрғындар саны едәуір жоғары болғанына қармастан, Байзақ ауданында 17 мың ғана оқырман бар. Былтыр Талас ауданында 15 мыңнан аса, Мойынқұм ауданында 14 мыңға жақын оқырман тартылған екен.

Цифрландырудан ауылдар да шет қалмаған

Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхана ауылдық кітапханалардың деңгейін көтеру, цифрландырылған ақпараттық орталықты дамытып, олардың заман талабына сай болуын қадағалап келеді. Мамандардың сөзіне қарағанда, 899 ауылдық кітапхана компьютермен жабдықталған екен. Ауылдарда 264 кітапхана интернет желісіне қосылған. Алайда, мұндай мүмкіндікке әлі он ауылдық кітапхана ие бола алмай келеді. Қордай ауданындағы Соғанды, Меркі ауданындағы Тұрлыбай және Сыпатай батырлардың ауылдары интернет желісіне қол жеткізе алмаған. Мұндай олқылық Мойынқұм ауданындағы Ұланбел, Сарыөзек, Қарабөгет, Құмөзек, Мыңарал, Қызылту, Ақбақай ауылдарында да бар.

Өңірдегі 151 ауылдық округтегі 263 мемлекеттік ауылдық кітапхана жергілікті тұрғындарға мәдени-ақпараттық қызмет көрсетіп келеді. Сапалы жұмыс та, жаңашылдық та байқалады. Коворкинг орталықтарының қалалар мен аудан орталықтарында ғана емес, ауылдардан да ашылуы – соның дәлелі. Мұндай орталық Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында алғаш іске қосылса, қазіргі таңда Жуалы ауданының Нұрлыкент, Қордай ауданының Степное, Кенен, Талас ауданының Ақкөл ауылдық кітапханалары жанында да жұмыс істеп тұр, - дейді Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхана Эльмира Абдинова. 

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының IT қызмет көрсетуді дамыту талабына сәйкес ауылдық кітапханаларда 147 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған екен. Осы орайда egov.kz парталы арқылы анықтамалар беріліп, Cao-zhambyl.kz сайты арқылы тұрғындардың 13 түрлі сұранысы қанағаттандырылып отырғаны тағы бар.

Мамандардың сөзінше, кітапханалардан көркем әдебиет қана емес, білім, денсаулық сақтау салалары, жер мәселесі, жұмыспен қамту, мәліметтер базасы, құрылыс, энергетика, тұрғын үй мәселелері бойынша да керекті анықтамаларды алуға болады.

Балабақшада орналасқан кітапханалар бар

Енді жекелеген ауылдарға келсек, мәселен, облыс орталығына жақын Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылында округте 2805 тұрғын бар. Алайда, ауылдың кітапханасы мектептің ішінде орналасқан. Өкініштісі, сыртына "Ауылдық кітапхана" деген жазу да жоқ. Кітапхана меңгеруші Шолпан Шайдаеваның айтуынша, мұндағы кітап қоры – 6 603. Оның 3 448-і әдеби кітаптар.

Ал цифрландырылған ақпараттық орталық мектептің ішіндегі басқа кабинетте орналасқан.

Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аида Қалисаеваның сөзіне қарағанда, аймақтағы 29 кітапхананың 6-уы ғана талапқа сай жеке ғимаратта жұмыс істеп жатқан көрінеді.

11 кітапхана ауылдық мәдениет үйі мен клуб ғимараттарында, 6-ауы ауылдық округ ғимаратында, 6-ауы мектепте орналасқан. Қаракемер ауылында екі жылдан бері клуб жоқ, сондықтан ауылдық кітапхана уақытша мектептің бөлмесіне көшірілді. Оның бәрі алдағы уақытта ретке келеді, - деп сендірді Аида Қуанышқызы. 

Аудандық кітапхананың оқу залы, абономент бөлімі, "Коворкинг", цифрландырылған ақпараттық орталықтары заманауи талапқа сай.

Көпшілік оқырмандар қазіргі таңда Мұхтар Әуезовтың "Абай жолын", Сәбит Мұхановтың "Ботакөз" романын көп сұрайды. Келген жаңа кітаптар қолдан-қолға өтіп оқылады, - деді кітапханашы Нүрипа Манабаева. 

Жуалы ауданының Қошқарата ауылының тұрғыны, айтыскер Әуесхан Үркімбаевтың айтуынша, бұл елді мекенде кітапхана екі бөлмеде орналасқан. Ал Талас ауданының Аққұм ауылдық кітапханасы мәдениет үйінің ішіне қоныс тепкен. Бір ғана үлкен бөлме. Кітапханашы Мейрамхан Бекмолдаеваның ұзақ жылдан бері еңбек етіп, тұрғындардың алғысын алып жүргенін жерлестері жарыса айтты.

Шу ауданы, Ақсу ауылдық кітапханасы да бір бөлмеде орналасқан екен. Осы ауылда Сәт Мәлібекұлы деген ұстаз, ақын кісі тұрады. Облыс көлеміне кеңінен танымал айтыскерлер Бақытбек, Нұрлан Жұмабековтер мен Айым Көшербай да осы кітапхананың кітаптарын жата-жастана оқып тауысқан оқырмандар.

Бір қуанарлығы, Мойынқұм ауданының Мирный ауылындағы кітапхана бір кездері үйдің ішінде орналасқан еді. Бүгінгі таңда ауылдық әкімдіктің ішіне ауыстырылыпты. Ал енді мектептің ішінде орналасқан кітапханалар барлық ауылдар да бар көрінеді. Байзақ ауданындағы кейбір ауылдарда балабақшаның бос бөлмелерінде орналасқан кітапхана бар. Ал осы ауданның Бәйтерек ауылдық округінде мүлдем кітапхана жоқ екен.

Өзгелердің жаңалығы