Бас жаңалықтар
Ақбөкен аулаған 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды
29 Қараша 2020, 02:23 797

Ақбөкен аулаған 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында ақбөкен аулаған браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ Криминалдық полиция департаменті Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментімен бірлесіп, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап 2020 жылдың мамыр айына дейін облыс аумағында киіктерді заңсыз аулаумен және олардың мүйіздерін өткізумен айналысқан екі қылмыстық топты әшкереледі.

Қылмыстық жауапкершілікке 11 адам тартылуда. Тергеу барысында полиция қызметкерлері 700-ден астам киік мүйізін, тоғыз бірлік атыс қаруын, жеті жол талғамайтын автокөлікті, екі қарда жүргіш пен екі мотоциклді, түнде көру құралдарын және ұйымдасқан қылмыстық топ пайдаланған басқа да заңсыз заттарды тәркіледі. Ақбөкендерді жою нәтижесінде мемлекетке 700 млн теңгеден астам шығын келген.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 337-бабы (Заңсыз аңшылық), 339-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) және 262-бабы (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде.

Жыл басынан бері ішкі істер органдары республика бойынша табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 12,5 мыңға жуық дерегін анықтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне 583 іс тіркеліп, олар бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, оның ішінде 221 қылмыстық іс сотқа жолданды. Әкімшілік жауапкершілікке 11 866 құқық бұзушы тартылды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...