Бас жаңалықтар
Министр АӘК көлемі қаншаға артқанын айтты
09 Желтоқсан 2019, 12:01 2379

Министр АӘК көлемі қаншаға артқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламенттегі Үкімет сағатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмек туралы айтып берді.

Қазақстанның әлеуметтік моделінің қалыптасуы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 1991-1999 жылдар аралығын қамтиды. Екінші кезең 2000-2014 жылдар аралығында жүргізілді. "Атаулы әлеуметтік көмекті реформалауға дайындық Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық шеңберінде үшінші кезеңде басталды. Осылайша, 2014-2017 жылдар аралығында елімізде кезең-кезеңімен "Өрлеу" пилоттық жобасы іске асырылды. Соның нәтижесінде көмек алушылар үшін әлеуметтік келісімшарттар жүйесі, көмек алу шарттары, сондай-ақ табысы аз отбасыларды сүйемелдеу практикасы енгізілді, - дейді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, осы мақсаттарда бюджеттен 14,8 млрд теңге бөлінген. 

АӘК бойынша реформаларды 2018 жылы жалғастыра отырып, АӘК тағайындау құқығын анықтау үшін табыс деңгейіне қойылатын өлшемдерді алғаш рет өзгерттік. Ол ең төмен күнкөріс деңгейінің 40-тан 50%-ға дейін көтерілді. Осыдан кейін АӘК алушылар 2017 жылмен салыстырғанда саны 20 есе артты. Биыл 27 ақпанда Елбасының "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында АӘК тағайындау тетігі өзгертілді, - дейді министр.

Біржан Нұрымбетовтің мәліметі бойынша, осы жылғы 1 сәуірден бастап кедейлік шегі 50-ден 70%-ға дейін өсті (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін); табысы аз отбасынан шыққан әрбір балаға АӘК мөлшері 20 789 теңге көлемінде белгіленген. 

Сонымен қатар, шартсыз ақшалай көмек көрсету мерзімі 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды. Биылғы қараша айының басындағы жағдаймен, шамамен 456 мың отбасы немесе 2,1 млн адам мемлекеттен нақты қолдау алды. Бұл осы жылғы 1 тоқсандағы ұқсас көрсеткіштерден 7,7 есе артық. Тағайындалған АӘК орташа мөлшері де 1,8 есе артты. Алғашқы рет бюджетте АӘК төлеуге 245 млрд теңге көзделген, - дейді ведомство басшысы.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...