Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

20 Мамыр 2021, 10:10
6031
Бөлісу:
Агротуризм. Жылқы қосын көшіру
PHOTO VIDEO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына қарасты «Ең дала» шаруашылығына барған болатын. Бұл Мемлекет басшысының шаруашылық саласына жасаған алғашқы сапары болатын.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

«Ең дала» шаруашылығының бір ерекшелігі – нағыз байырғы мал ыңғайымен көшуді әлі де сақтап келе жатқандығында.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Өз иелігіне қарасты 500-ге тарта жылқыны жылына екі рет көшіреді. Әуелі көктемде Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы жайылымнан сонау Сілеті бойындағы жайлауға айдайды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Ал күзде шөп буыны қатайып, Арқаға алғашқы қар түскен қарашаның соңын ала қайта айдап келеді.

Бұл көштің де өзіндік себебі бар. Көктем шыға астананың айналасы егінге толып кетеді. Жайылым қалмайды. Сондықтан да мына Сілетінің адырларының арасында емін-еркін жайылады, - дейді жылқышылар.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Бұл сапарға бару көптен ойда жүрген. At-travel.kz салт аттылар клубының жетекшісі Берік Ақылбеков жыл сайын көктемде бір, күзде бір айтатын. Биыл ғана дәм тартты.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Агротуризмді насихаттау мақсатында 250 шақырым жолға бес күн жүрдік.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Ертең жолға шығамыз деген күні түнімен барып, жылқышылар қосына қондық. Далада, алыстан астананың оттары мен мұндалаған қырқа басында түнгі аспанды жамылып көз шырымын алдық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Таң құланиектеп келе жатқанда қосағасы, бас жылқышы Игілік Аманжолұлы жылқы үйірлерін жинауға аттанды. Біз аттарды ерттеп, сапарға дайындала бастадық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Осы сапарда жылқытануға қатысты біраз мәліметтерді жинауға, жылқы үйірін, жылқы қосының ерекшеліктерін бақылаудың сәті түсті.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

«Есіл тасып барады жардан асып...» дегендей, жазғытұрымғы уақытта сай-саланың, жыра-жықпылдың бәрі суға толып кететін әдеті ғой. Біз де Жібек жолы ауылының қасынан өтетін Есілдің өткелі тасып кеткендіктен, Жалтыр көлді айналып, 42-ші разъездің қасынан бір-ақ өттік.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Биелердің құлындайтын мезгілі болғандықтан, күніне 40-45 шақырымнан артық жүруге болмайды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Оның да өз себебі бар. Біріншіден кілең буаз бие қатты жүрісті көтере алмай қалуы мүмкін. Әсіресе тұмса байталдар жүріске шыдамай, мерзімінен бұрын туып қалуы мүмкін.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Екіншіден жаңа туған құлынның сүйегі бекіп, тұяғы қатаймаса, әлжуаз, маймақ, қутірсек болып жетілмей қалуы мүмкін.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Үшіншіден қанша асығыс болса да, көш өзінің көштік ерекшелігімен, мамырлай қозғалып, маужырай аяңдап, масайрай қоныстанғанының өзі бір ғанибет емес пе?!

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Сонымен, жас құлындардың жағдайына бағына отырып, алғашқы күні Сарыоба көліне жете бере қопсаңға қос тіктік. Сонылап сусылдап, көк қуалай көсілген көп жылқы жылдағы барар жеріне айдатпай-ақ төгіліп барады.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

«Көктемде жылқы ойнар, көбік қарда түлкі ойнар» дегендей, енді тебіндеген майсаңда еркін жайылған жылқы күні бойғы жүрістен қалжыраған құлындарға қарайлап, тырп етпей жусауға айналды. Біз де қосымызды тігіп, кешкі абыр-сабырдың қамына кірістік.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Халқымыз «Жігітті жолда сына» дейді. Сенің кім болғаның, қандай адам екенің, қандай қызмет атқарғаның маңызды емес. Ең бастысы жолдасыңа жайлы, жол азабына сыр бермейтін қаражон, әр істің ретін табар жылдым болғаның маңызды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Екінші күні таңғы 5-те ояндық. Әдеттегідей, Игілік жылқышы жылқы жинауға аттанып барады екен. Біз де аттарды ерттеп, жол қамына кірістік.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Түнде екі бие құлындапты. Ауыздары жыбырлап, енесінен қалмауға тырысқан ботатірсек, маймақтар томпаң-томпаң етеді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Көктемгі өлі жүнін түсіріп, жазды жаңа түкпен қарсы алғысы келгендей жылқылар атызға жете бере аунап-аунап алды. Алда Сарыоба көлі. Онда бұрыннан салынған демалыс орны бар. Жігіттер түскі асты сол жерден ішуді ұйғарды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

«Іздегенге сұраған» дегендей, Саробаның жағасына барғанда бір бие толғата бастады. Жылқышы Ержан Жанатұлы мен Игілік Аманжолұлы осында 3-4 сағат күтетінімізді айтты.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Сарыобаның жағасында 4 сағат жаттық. Жаңа туған қулық бие екен. Алғашқы құлындағаны болғандықтан, құлынға тым мейірім таныта қоймады.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Нұр-Сұлтан-Ерейментау теміржол өткелінен өткеннен кейін құлынның жүруге шамасы келмей қалды. Бізбен қатарласып жүрген жылқышылар жататын буткаға тиеп алуға тура келді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Қос екінші күні Ақмырза өзенінің жағасына келіп тоқтады. Жер ыңғайы, өзен арнасы таныс, көзге жылы ұшырайды. Осы жерде Берік Ақылбеков бұл жерден 2019 жылы өткенімізді еске салды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

2019 жылы «Киелі Қазақстан» экспедициясымен Нұр-Сұлтаннан Баянауылға дейін атпен барған едік. Сонда тура осы өзеннің жағасына келіп қонғанбыз. Бүгін де сол жерге тоқтадық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Буткаға салған құлынды түсіріп, үйірдегі енесінің бауырына салдық. Бірақ жас қулық оған қарамады.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Аттарды арқандап, шатырымызды тігіп, кешкі шаруаның қамына кірістік. Ертең Новомарковка мен Торғайдың ортасына, Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолының бойына жетіп қонуымыз керек.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Үшінші күні жылқылар бізден 10 шақырымдай алыстап кетіпті. Ержан мен Игілік әдеттегідей бізден бұрын аттанған. Бір ғанибеті жазықтың кез келген жерінен байланыс ұстайтыны. Олар жылқыны тапқандарын айтып хабарласты. Біз атқа қондық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Бізбен бірге бұл сапарға QAZSPORT телеарнасының журналисі Қайырхан Мәулен мен операторы Бақытжан Теңізбаев бірге шыққан болатын. Сонымен бірге біздің клубтың белді мүшесі, бұған дейін де жылқы қосын көшіруге қатысқан Қайрат Бейсеков бар.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Біз атқа жиі мініп, тақым төселіп қалғандықтан, он шақырымдай алға кеткен жылқыны қуып жету үшін біршама алыстап кеттік. Қайырхан, Бақытжан, Қайрат үшеуі кешеуілдеп қалды. Жылқыға жетіп алған соң оларды біраз күтуге тура келді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Осы жерде жылқышыларды әңгімеге тарттым. Жағдайлары қалай, қанша жылдан бері жылқышы болып жүр, шаруашылық басшысы қызметкерлердің жағдайын жасаған ба деген секілді тұрмыстық сауалдармен уақыт өткіздік.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Мен жылқышылыққа келгелі үш жыл болды. Жағдайымыз жаман емес. Әр 10 күн сайын ауысамыз. Бір айда кейде 10 күн, кейде 20 күн жұмыс істейміз. Айлық айна 10 күн істесең де, 20 күн істесең де 300 мың теңге. Оның сыртында соғымымыз тегін, тамағымыз бен жатар орнымыз айтпаса да түсінікті. Ал өзіміздің жекеменшік малымыз үшін шаруашылық тегін жем-шөп береді. Басшымыз өткен жылы маған ауылдан жаңа үй сатып алып берді, - дейді жас жылқышы Ержан Жанатұлы.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Ал 12 жылдан бері қарына құрық іліп, жылқымен бірге өріп, жылқымен бірге жусап, қар жастанып, мұз төсеніп жүрген кәнігі жылқышы Игілік Аманжолұлы да өз ойын ортаға салды.

Мал да баққанға бітеді. Мен осы шаруашылыққа келгелі биыл 12 жыл болыпты. Мал іші болған соң өлім-жітім де, жоқ-жітік те болып тұрады. Ондайда анық малшының кінәсінен жоғалғаны анықталса, төлейміз. Әрине, жағдайымызды жасап, астымызға ат мінгізіп, басымызға баспана алып беріп отырған соң, жылқыға деген жауапкершілік арта түседі. Шама келгенінше шығын шығармауға тырысамыз. Қазір алдымызда 400-ден астам бие кетіп барады. Әр 100 биеден 75-80 құлын алсақ, үлкен олжа, - дейді жылқышы.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқышылардың әңгімесіне қарағанда дала қасқырынан «қала қасқыры» қиын. «Өліп өскен мал жақсы, өлмей өскен жан жақсы» дегендей, мал ішінде өлім-жітім болып тұрады. Дегенмен ұрылық тыйылар емес. Әсіресе соғым кезінде «екі аяқты қасқырлар» қатты тиеді екен.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Біз әңгімемен тұрғанда, артта қалған жігіттер де келді. Біз жылқыны жылжыта жөнелдік.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқыға келе кешегі құлынның жағдайын сұрадық. Жылқышылар оның қостан адасып қалғанын, іздеп таппағандарын айтты. Көңіліміз қоңылтақсып қалды, қай тобылғының түбіне ұйықтап қалды екен?..

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Тимофеевка ауылының тұсынан келіп Сілеті өзенінің сілемінен өттік. Аса арынды өзен болмаса да, құлындар іріктеліп, артта қалыңқырап қалды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Тіпті биыл ғана құлындаған тұмса қулықтың құлыны өтпей, біраз сарсаңға салды. Дегенмен, ат тізесінен келер өзеннен құлынды жетелеп өту қиынға түскен жоқ.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Өткелден өтіп шығып, түскі ас іштік. Алда әлі жиырма шақты шақырым жол бар. Сілеті өзеніне жуынып, үш күннен бері жылқы тұяғымен көтерілген тозаң басып қалған денемізді бір сергітіп алдық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Түс қайта атқа қондық. Жылқы бізден көп ұзай қоймаған екен. Жиыстырып, алдыға салғанда күн түстіктен ауып бара жатты.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқы табиғатын, оның табиғи ерекшелігін, хайуандық қасиетін тану өте күрделі. Ол үшін ұзақ жыл сонымен айналысып, үнемі бақылауда ұстау керек.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқы көктемгі уақытта суға, қара топырақты, құмдауыт жер көрсе аунағыш келеді. Оның да өз себебі бар. Көктемде жылқының өлі жүні түсіп, орнына тірі жүн шығады. Осы кезде, яғни өлі жүннің астынан тірі жүн шыққан кезде жылқы денесі қышиды. Соны басу үшін жылқы аунайды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Мұндайда қазақ «Ат аунаған жерде түк қалады» деп бейнелі сөйлеген. Тура мағынасында да ат аунаған жерде түк қалады, ауыспалы мағынасында да әлдебір дүниені астарлай меңзейді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Сонымен Новомарковка ауылы мен Торғай ауылы арасын жалғап жатқан Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолына 4-5 шақырым жетпей жылқыны тоқыраттық. Шатырды бір биік дөңнің үстіне тіккен едік, батар күннің шұғыласы ерекше көрік беріп, кешкі дала құлпыра түсті.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Батар күннің шапағына шомылған жылқыларды суретке түсіріп біз мәз болдық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Осы жерде QAZSPORT арнасының жігіттері Нұр-Сұлтанға қайтатын болды. «Бір күн жолдас болғанға қырық күн сәлем» дегендей, үш күн үзеңгілес болған жігіттер кешкі салқынмен кері қайтты.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Біз ертеңгі жол қамына дайындалып, кешкі асымызды ішіп, ұйқыға жаттық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Үш күннен бері бақыладым, тура таңғы сағат 4:00-де дала бозторғайлары шырылдай бастайды. Көмейінен төгілген үнді мың құбылтып, таңғы ауаны әсем әуенмен тербеп оятатындай.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Төртінші күн аспан ала бұлтты болды. Жылқы тас жолдың бойына дейін барыпты. Бүгін де үш бие туған екен. Екеуі – жасамыс, біреуі – мама бие.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Өмір болған соң түрлі адам болады. Біз жылқыны кешегі келген жағымызға қарай айдадық. Жылқышылардан жөн сұрасам, Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолынан өтетін өткел оңтүстік шығысымызда қалыпты. Кеше неге бірден сол жаққа бармадық деген сауалыма жылқышылар езу тартты.

Ол жердің иесі бар. Жылқы жерімді таптады деп ренжиді. Сол үшін кеше оның жерінен айналып өттік. Бүгін енді амал жоқ, біраз шақырым кері жүруге тура келеді, - деді Игілік жылқышы.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Көктің көлемінде көк аспанның астына сыймай жүрген кім болды екен деген ой тұрды санамда. Бірақ қосағасынан сұрағам жоқ.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Он шақырымдай жүрген соң тас жолдан өтетін тунель-өткелге келдік. Жылқылар мұндай өткелдің талайынан өткен, еш іркілместен шұбыра жөнелді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Біз жолдың солтүстік жағына шықтық. Енесінен адасқан құлын, үйірін іздеген айғырлар шұрқырасып, табысып жатыр.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Бізбен қатар жүрген бутка сүйреген трактор да келді. Осы жерде жылқыны біраз дамылдатып, ауқаттанып алуды ұйғардық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Көзұшында мұнарланған көкжиек – Сілеті су қоймасы. Бүгінгі меже сол Сілеті аңғарларына жетіп жығылу.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Ол үшін жылқыны біраз желдірте айдауға тура келеді. Ал желдіртіп айдасақ, жоғарыда айтқанымыздай – жас құлынға салмақ болуы мүмкін.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Не де болса, тәуекел. Құлынында табаны тас басып, 250 шақырым жүргендер, келешекте ер мінетін ат болары сөзсіз. Атқа тақым қыстық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

«Көк те айғай, жер де айғай» деген секілді, аспан мен жердің арасы тұтасқан қара топырақ, қою қоңыр шаңға ұласты. Оған қарап жатқан біз жоқ, бес жігіт бес жағынан қаумалап, жылқыны тықсыра айдадық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Көптен күткен Сілеті шатқалдары, арнасы ақбұйра толқынға толған Сілеті өзені де көрінді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Адырдан жылқы айдаудың, оны суретке түсірудің өз ерекшелігі бар. Кәнігі фотограф болмасақ та, ұялы телефонға ат үстінде суретке түсіруді біршама игеріп қалдық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Сілеті даласы Арқадағы көркі көз сүріндірер табиғаты бай өлкенің бірі. Дегенмен көктемгі көкала дала, сарысы мен жасылы астасқан керемет кілемдей қойнауларда үйір-үйір жылқы көп.

Өзгенің жылқысын барынша ілестірмеуге тырысамыз. Әуелі бір апта бұрын жолдағы шаруашылықтарға ескертетін кездеріміз болады. Жылқы айдаймыз, малдарыңа ие болыңдар дегенді айтамыз. Бұл жақта егін аз, жайылым көп болғандықтан, көбі жылқысын иен жібереді. Ол біздің жолымызға кедергі. Кейде жол-жөнекей ілесіп кеткен жылқыны иесіне өзіміз айдап әкеп беретін кездеріміз болады, - дейді жылқышылар.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Кейде біздің жылқыға ілесіп кетті деген сылтаумен, өзге біреулер жасырып, малданып, сатып кететін кездері болады екен. Қазіргі кезде адамдарға сенім жоқ. Біздегі жылқысы ешқайда кетпейді ғой, бірақ мал иесінің соны басқа жақтан іздеп, текке сандалғаны да оңай емес, - дейді жас жылқышы Ержан Жанатұлы.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Межелі жерге 5-6 шақырым қалғанда «Малыш» атты жорға айғырдың үйірінен бір құлын тоқтап қалды. Қолтығы дірілдеп, қара суға түсіп терлеген құлын қос соңында қалды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Игілік жылқышы дереу екі құлағын шертіп, қан алып, үстіне суық су құйып, аздап демін алдырып, асықпай айдаған еді, құлын қалпына түсті.

Жүрегі нашар құлын ғой. Қатты жүрісті көтере алмай, жүрегі соғып кеткен. Қан алған соң басылды. Ертең дыңғырап кетеді, - деді жылқышы.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Біз сол жерге шатыр тігуге кірістік. Жаңбыр ұшқындап, нөсер жауатын бастанып тұр. Соған қарамастан Берік ағамыз жол-монша жағуға кірісті.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Біз At-travel клубының мүшелері жолға шыққанда өзімізбен жол-монша алып жүреміз. Жол-монша – ішіне шағын пеш орнатқан кәдімгі шатыр. Төрт кісілік шатырға арнайы пеш қойып, отты күшті жаққан кезде монша болары сөзсіз.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Осы жолы да біз жол-моншамызды ала шыққан едік. Көлшіктің жағасына құрып жіберіп, кезек-кезек моншаға түсіп шықтық. Күні бойғы жол азабынан арылып, көңілің де, денең де сергіп қалады мұндайда.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Ертеңінде сергек ояндық. Түнде дүркін-дүркін жаңбыр жауып, күн салқын болған. Жылқы ұзай қоймаған шығар деген ойда едік.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Бірақ жылқы түнімен шұбап, Сілеті су қоймасының жағасына келіп тоқырапты. Бізден 10-12 шақырым алысқа кеткен екен.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқы айдап шыққанымызға бүгін бесінші күн. Түнде екі бие құлындапты. Екеуі де мама бие екен, құлындары тоңғағын тастап, енелерінен қалмай, томпаң-томпаң желеді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Аманшылық болса, бүгін кешке сапарымыз аяқталуы керек. Сілеті мен Бестөбенің арасындағы Қарасор көлінің жағасында жылдағы қос тігетін орын бар, бүгін соған жетеміз. Оған дейін шамамен 35-40 шақырым жол қалды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқыны қозғай жиыстырып, суқойманың аяғындағы көпірден өткізуге жылжыта жөнелдік.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқылар да біздің қозғағанымызды күтіп тұр екен, жылдағы үйреншікті мекеніне қарай сынаптай сырғи жөнелді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқыны фотоға, видеоға қалай түсірсең де әдемі көрінеді. Оның жаратылысы сондай. Дегенмен, судан өтіп бара жатқан жылқыны көпір үстінде тұрып түсіру ерекше. Биіктен бәрі әдемі көрінеді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Сілеті кентінің жанындағы көпірден сондай көріністерді түсірудің сәті түсті. 500 жылқы жоғарыдан қарасаңыз 50-ге жетер-жетпес қылқұйрық секілді көрінеді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Бұдан кейінгі жол – еркін. Осы алқаптың бәрі де осы жылқылардың жаздай жайылар жайылымы.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқыны алға оздырып жіберіп, қыр басында түскі ас ішіп алуға тоқтадық. Бақыршы жігіт – Серіктің ыстық қуырдағы алдымызға келгенше аздап көз шырымын алып алуға да болады.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Мына тұрған қосағасы Игіліктің «Теміркөгі». Темір десе дегендей, осы бес күнде бір рет те болсын ері алынған жоқ. Енді тұрысы мынау, өмілдірікке сүйеніп ұйықтап тұр.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

«Етігін шешпей ер тыңаймас, ерін алмай ат тыңаймас» дейді қазақ. Игілік жылқышыдан Теміркөктің терлігін неге алмайтынын сұрадым.

Жылда осымен айдаймын жылқыны. Бұл алыс жолға үйренген – біріншіден. Екіншіден – ері кейін кетіп тоқтамайды, сол үшін өмілдірік тағамын. Ал бұл өмілдірік тақтырмайды. Күнде ерін алып, күнде өмілдірік тағу үшін жағаласып жүретін уақыт жоқ. Үшіншіден – аттың ерін алып тастасаң, түнде қандай да бір жағдай болып, жылқы үркіп, не басқа оқыс жағдай туындайтын болса, ат еріттеп жүрмейсің, дайын атқа мінесің де кете бересің, - деп түсіндірді Игілік Аманжолұлы.

Теміркөк сол бойы жазғы қостың жұртына дейін жетті.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Біз жылқыларға келгенде барлығы да пырдай болып жусап жатыр екен. Жетер жеріне таяп, жазғы жайылымның сонысына бас қойған күлте құйрық, майда жалдар еш алаңсыз дамылдап тұр.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Мен жусаған жылқының ортасына кіріп біраз фото-видео түсірдім. Ойым айғырлардың шайқасқан сәтін суретке түсіру болатын. Осы бес күнгі сапарда соның сәті түспеген еді.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Мен жылқыны аралап жүргенде Берік ағамыз «артыңда» деп айғай салды. Жалт қарасам «Малыш» пен «Башқұрт» аспанға қарғып тұр екен. Мүмкіндікті қалт жібермедім.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жылқыны жусаудан өргізіп, суатқа құлаттық. Көлді көрген жылқылар мамырлай жүзіп, пырылдай су ішіп, шалпылдата аунап, біраз асыр салды.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Жаздай қос тұратын бағаналы төбеге әлі де 4-5 шақырым жол бар. Біз Қайырхан мен Бақытжан кеткен соң үйірге жіберген «Байшұбар», «Каро» және «Алаш» үшеуін ұстап, жетекке алдық.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Осылай келе жатқанда жылқышылардың бірі бір биенің толғата бастағанын айтты. Жылқы тоқырады. Дүниеге келер құлынның құрметіне үйір-үйірімен топтаса қалған жылқы тағы дамылдады.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

«Mariboro» есімді ақжал шабдар айғырдың үйірінен бір бие туайын деп жатыр екен. Мен жылқы тоқыраған соң, асықпай биеге жақындап, тағы да фото-видеоға түсіріп алдым.

Агротуризм. Жылқы қосын көшіру

Біздің бес күндік сапарымыз осы құлынның дүниеге келуімен аяқталды. Дүниеге жаңа келген құлыншақты алда өмір сапары күтсе, бізді аттарды тиеп алып Нұр-Сұлтанға қайтатын сапар күтіп тұрды.

Айтпақшы, әңгімеміздің басында айтқан жылқы табиғатына, айғырлардың қарым қатынасы, бие мен құлын арасындағы «тіл», үйір тәрбиесі, қостағы жылқының өзара түсіністігі жайлы ойларымызды төмендегі видеодан көрулеріңізге болады.


Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы