Агроқалашық елді мекенінің тағы бір бөлігі газға қосылды

31 Қазан 2021, 10:01
8223
Бөлісу:
Агроқалашық елді мекенінің тағы бір бөлігі газға қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық Агроқалашық елді мекенінің тағы бір бөлігі газға қосу мүмкіндігіне ие болды. Енді ол үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға тиісті өтінім беру қажет, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен бірлесіп, бұрын газға қосылмаған Агроқалашық тұрғын алабы бөлігінде газ беруді бастады.

Осылайша, Дүйсенбаев көшесі – Қарталы көшесі – Тілендиев даңғылы – Бөкеев көшесі аумағында тұрғындар газға қосылуға мүмкіндік алды. Осы жылдың қараша айында Агроқалашықтың қалған бөлігін, сондай-ақ Потанин көшесі мен Маскеу көшесі маңындағы секторды газдандыру қамтамасыз етіледі.

Осы ауданда тұратын тұрғындар үйлерін газға қосуға тиісті өтінім беру үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға (Республика даңғылы, 24) жүгіну қажет. Толық ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: +7(7172)55-89-75, вн.1530, 1527.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айының ортасынан бастап Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің тұрғындары да өз үйлерін газға қосып жатыр.

Айта кету керек, екі жыл ішінде елордада 645 шақырымнан астам ішкі кварталдық газбен жабдықтау желілері салынды. Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Оңтүстік-Шығыс, Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары газға қосылуға мүмкіндік алды.

Осы күзде Промышленный, Агроқалашық және Оңтүстік-Шығыс (қосылмаған бөліктер) тұрғындарына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде.

Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Жоба қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Қаланы газдандыру мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы