Аграрлық салада ғалымдардың жетістігін өндіріске енгізу жағы тұралап тұр – депутат

20 Қыркүйек 2019, 13:41
2865
Бөлісу:
Аграрлық салада ғалымдардың жетістігін өндіріске енгізу жағы тұралап тұр – депутат
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Аграрлық саладағы ғалымдардың қол жеткізген жаңалықтары көп, кейбір жетістік шетелдік ғалымдардікінен де артық. Бізде соларды өндіріске енгізу, әрі қарай көбейту жағы жетіспей жатыр. Бұл туралы ҚР Парламент Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов ҚазҰАУ-да болған жиында айтты.

Депутат ғылым өндіріске не беріп жатыр деген мәселе бойынша Алматыдағы оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында болғанын айтты.

«Біздің оқу орындар қандай кадрлар дайындап жатыр, қандай жаңалықтар беріп жатыр. Осы салада қабылданып жатқан ұлттық бағдарламалар бар, мемлекеттік бағдарламалар бар соларды іске асыру барысын көзімізбен көргіміз келеді. Қажетті ұсыныстарымызды ертең Парламентте  талқыланатын заң жобаларына енгізуге талпынамыз. Кешеден бері біраз мәселені қарап жатырмыз, оның ішінде су мәселесі де бар. Алдағы уақытта су тек Қазақстанда емес, бүкіл Жер шарындағы күрделі мәселе болады деп жатыр. Елімізге келетін сулардың көп пайызы трансшекаралық өзендер, олар көрші мемлекеттерден келеді. Сондықтан бізде суды ұқыптап, тиімді пайдалану мәселесі тұр. Осы тұрғыда ғалымдар біраз жұмыс жасап жатыр екен. Кеше ғылыми-зерттеу институттарының, бүгін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жұмыстарын көріп жатырмыз. Ғалымдардың жасаған осы жаңалықтары, ұсыныстарының өндіріске ену жағы баяулау болып тұр. Оның себептері қаржыға келіп тіреледі, жетістікті әрмен қарай жүргізетін тиісті құрал-жабдықтардың методикасын дайындайтын өндірістердің болмауына байланысты тұралап тұр. Осылардың барлығын біз алдағы уақытта қабылданатын заңдарда ескеретін боламыз», - деді ол. 

IMG_20190920_102020.jpg

Бекмырза Еламанов сөз арасында ғылым саласының қаржыландыру мәселесіне тоқталып өтті. 

«Соңғы жылдары қаржыландыру жағы азда болса жақсарып келе жатыр, Елбасы да кешегі президентіміздің Жолдауында да осы ғылымды дамытуға бетбұрыс жасауға, оған бөлінетін қаржыны көбейтуге тапсырма берілді. Енді кадрларды даярлауға, ғалымдарымызды қолдауға біраз қаржы бөлінетін болады. Жас ғалымдарды қолдау бойынша да бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Кеше Топырақтану институтының жас ғалымдарына жатақханалар салыпты, ол жақсы бастама. Мұның барлығы мұқтаждықтан жасалып жатқан нәрселер, бірақ қазір жас ғалымдарды тұрақтандыру бойынша жасайтын жағдайлар бұдан жоғары болу керек», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол ғылымда алға ілгерілеушілік бар екенін айта келе, жетістіктерді өндіріске енгізу қажеттігін айтты.

IMG_20190920_102410.jpg

«Кеше Топырақтану ғылыми-зерттеу институтында, Малшаруашылық, Егіншілік зерттеу институтында болдық. Ондағы ғалымдардың қол жеткізген жаңалықтары көп, кейбір жетістік шетелдік ғалымдардікінен кем емес. Бізде жетіспей жатқаны соларды өндіріске енгізу, әрмен қарай көбейту. Мәселен, егін тұқымның жақсы сорттарын шығарып жатыр, ал бірақ оның тұқымын көбейту, өндірісте көлемді егу мәселесі кешеуілдеп жатыр», - деді ол. 

Сөз арасында ол отандық теледидарларда ғалымдардың аграрлық саладағы жетістіктерін дәріптейтін бағдарламалар мен жобалардың аздығын айтып өтті.

IMG_20190920_101607.jpg

«Ертең Парламентте өтетін жиындарда агроөндірісті теледидардан насихаттау бойынша да ұсыныстар айтамыз. Қазір теледидардан көрсетіліп жүрген «Агробизнес» сияқты ауыл шаруашылығына арналған бағдарламалардың көбі бизнеске, қаржыландыруға байланысты айтылады. Ал, ғалымдардың жетістігін насихаттау, олардың жаңалығын өндіріске енгізу мәселесі өте аз», - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы