Бас жаңалықтар
«Агломерацияларды дамыту туралы» заң әзірленеді – Ерғалиев
02 Қыркүйек 2021, 09:23 694

«Агломерацияларды дамыту туралы» заң әзірленеді – Ерғалиев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында айтты.

Тұтыну тауарлары бағасының өсуін тежеу мақсатында инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленетін болады. Нарықты отандық өндірістің тұтыну тауарларымен молықтыруға бағытталған жедел және орта мерзімді шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ ақша-кредит саясаты мен қаржы нарығын реттеу шаралары көзделген. Шағын және орта кәсіпкерлікті тиімді дамыту мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын іске асыру 2022 жылдың соңына дейін жалғасатын болады, - деді министр.

Ол атағандай, қаржыландыру көлемі кемінде 1 трлн теңгені құрайды.

Креативті индустрияны қолдау қорын құру мүмкіндігі қарастырылатын болады. Өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бизнесті ынталандыру үшін «ұтымды» шаралар әзірленеді. Реттелетін сатып алу шеңберінде жеңілдіктер, сондай-ақ, мемлекеттік қолдауға басым қолжетімділік көзделетін болады. Еліміздің әрбір өңірінің бәсекелестік артықшылықтарын айқындайтын шараларды қамтитын өңірлік дамудың жаңа тәсілдері әзірленеді, - деді ол.

Ерғалиев ол үшін «Агломерацияларды дамыту туралы» заң әзірленетінін айтты.

Оның аясында орталық қала мен шеткері аймақ арасында функцияларды нақты бөлу жолымен институционалдық дамыту көзделеді. Бірыңғай қала құрылысы агломерацияларын жоспарлау енгізіледі. Аумақтық даму жоспарында «Адамдарды – инфрақұрылымға» жақындату қағидаты бекітілетін болады. Бұдан басқа, бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес Өңірлерді дамыту жоспарларын жаңарту көзделіп отыр. Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген әрбір тапсырмасын жан-жақты әрі жедел орындайды, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.


Фото: дереккөз
Загрузка...