Құқық қорғау саласына өзінің емес, елдің қамын ойлайтындар келеді – аға инспектор

5 Қазан 2020, 16:25
4077
Бөлісу:
Құқық қорғау саласына өзінің емес, елдің қамын ойлайтындар келеді – аға инспектор
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің кадр саясаты бөлімінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Жұлдыз Берекетова құқық қорғау саласында еңбек етудің өзіндік тәжірибесімен бөлісті. 

Құқық қорғау саласына өзінің емес, елдің қамын ойлайтындар келеді – аға инспектор

Осы салаға келер алдында мен 11 жыл ұстаз болдым. Студенттер мен заңгерлерді тәрбиелеп шығардық. Кейін мамандығыма қатысты «бұл менікі ме?» деген сұрақ туындады. Ұстаздықты әке-шешемнің әсерімен таңдаған сияқты сезіндім. Сол себепті бала арманымды еске түсіріп, құқық қорғау органында бағымды сынауға бел будым. Құқық қорғау органында жас шектеуі бар. Жасым келіп тұрған соң, мүмкіндігімді жібермей, тәуекел еттім. Сыннан өтіп, шен тақтым, - деді Берекетова.

Оның айтуынша, жұмысқа тұрғанда әрбір адамға құқық қорғау органдарында көзделген бірдей талап қойылады.

Талап әйелге де, ерге де бірдей. Қызметке қабылданарда барлығымыз ант қабылдаймыз. Қазір атқарып жүрген қызметім тиянақтылықты қажет етеді. Себебі жеке құрамның құжаттамаларымен жұмыс істеймін. Азаматтарды жұмысқа қабылдау бойынша құжаттарын реттеймін. Жұмыс өте көп. Кадр қызметі бойынша әйелдер алғашқы орында, - дейді ол.

Аға инспектор атап өткендей, құқық қорғау оранында әрбір үш жыл сайын қызметкер аттестаттаудан өтеді.

Қызметкердің білімі мен біліктігі, сауаттылығы мен денсаулығы, қарумен ату дағдысы сынақтан өтеді. Дене шынықтыру дәріс ретінде жүргізіледі. Оған міндетті түрде қатысамыз. Бұл денсаулықты қолдап отыруға септігін тигізеді. Ату бойынша да емтихандар болып тұрады, - дейді Жұлдыз Берекетова.

Құқық қорғау саласына өзінің емес, елдің қамын ойлайтындар келеді – аға инспектор

Ол алғаш қару ұстаған кездегі әсерін де айтып өтті.

Қаруды ұстаған кезде мемлекетіңе жауап беретін азамат ретінде сезіндім. Органда жұмыс істеген соң, уақытты тиімді жұмсауды үйрену керек. Демалыста да, түнгі уақытта да жұмысқа шақыртатын кездер болады. Алайда, уақыт тапшылығынан ешқашан қиналған емеспін, - дейді ол.

Оның айтуынша, жұмысты қанша жақсы көрсең де, оған жұтылып кетуге болмайды.

Тіл үйрену курстары, психология, спорт залдарына баруға тырысып тұрамын. Осы сынды істерге де уақыт керек. Уақытты тиімді пайдалану да тәрбиеге байланысты деп ойлаймын. Онда жақын адамдардың қолдауы да өте маңызды, - дейді ол.

Берекетова мемлекеттік қызметтегі азаматтарға қандай жеңілдіктер жасалатынын айтты.

Кадр қызметінде жұмыс істеген соң, жұмысқа аларда азаматтарға бұл салаға келуіндегі себебі қандай екенін сұраймыз. Көп адам «зейнетке ертерек шықсам деп келдім» дегенді айтады. Себебі құқық қорғау органында 1 жыл 1,5 жыл есебінде жеңілдікпен саналады. Себебі зейнеттен кейін де өмірдің өзге кезеңі басталады, - деді ол.

Аға инспектордың айтуынша, мемлекеттік қызметте пәтерақы да өтеледі.

Әлеуметтік пакет аясында қызметкерлерге осындай көмек көрсетіледі. Зейнетке шыққан соң, қоғамдық көліктегі жүру ақысы да тегін болады, - дейді ол.

Жұлдыз Берекетова арнайы киім - жұмыс киімін киіп жүрген кезінде болған қызықты оқиғаны айтып берді.

Көшеде кішкентай балалар жүгіріп ойнап жүр екен. Біреуі «полицей тәте, сізбен суретке түсуге бола ма? Мен ағама көрсетемін» деп айтты. Баланың арманы сондай екен деп түйдім. Осы кезде өзімнің арманым есіме түсіп кетті. Әрине, бұл мен үшін үлкен мәртебе деп айтсам да болады, - деді ол.

Ол атап өткендей, кез келген жұмыс төзім мен шыдамды қажет етеді.

Құқық қорғау органдарына өзінің емес, елдің қамын ойлайтындар келеді. Себебі біздің салаға мемлекеттің бөлген мүмкіндігін қанағат тұта алатындар мен еліне адал қызмет ететіндер келеді деп ойлаймын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы