Аға анықтаушы: Полицей болу – өмірлік мектебім

3 Наурыз 2021, 11:42
4462
Бөлісу:
Аға анықтаушы: Полицей болу – өмірлік мектебім

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір мүмкіндіктер заманы. Сондықтан кез келген әйел өзіне сенімді болса, ең қиын деген мамандықты меңгеруіне болады. Өйткені, ғарышкер әйел, полицей, ұшқыш, ірі жүк көлігін жүргізуші т.б. қыз-келіншектердің бүгінде ешкімді де таңғалдырмайтыны сондықтан. Әйелдер бизнесте де, саясатта да, жалпы қай салада болмасын табысты еңбек етіп келеді.

Соның бірі кейіпкеріміз Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде аға анықтаушы Айжан Төребекова ерлерге тән мамандықты таңдаған. Ол полиция болуды бала кезден армандапты. Себебі, оның туысқандарының көбі құқық қорғау саласында қызмет еткен. Осы жағдай әсер етті ме, ол өз алдына қалайда полиция боламын деген мақсат қояды.

Айтуынша, полиция формасы қатты қызықтырған. Бүгінде сол арманы алдамаған аға анықтаушы құқық қорғау саласында абыроймен еңбек етіп келеді.

Меніңше құқық саласына, яғни осындай маңызды органда жұмыс істеуге келетін әйел өзінің қандай шешім қабылдағанын және өте жауапты жұмыс екенін алдын ала білгендіктен немқұрайлы қарамайды. Менің мақсатым – ер адамдармен жарысып жұмыс істеу емес, қоғамға титтей де болсын азаматтық үлесімді қосу. Полиция болудың да өзіндік қызығы мен қиындығы жетеді. Мұнда күн-түн демей жұмыс істеуің керек, жұмыс бабымен неше түрлі адамдармен, оқиғалармен бетпе-бет келеміз. Жаным сүйіп таңдаған мамандығым болғандықтан бар қиындығына шыдаймын. Полицей болу – өмірлік мектебім, - дейді аға анықтаушы Айжан Сержанқызы. 

Айжан Төребекова Қарағанды облысы, Шахтинск қаласында дүниеге келген. Он бір жылдық мектепті бітірген соң техникалық колледжге оқуға түседі. Бұдан кейін экономикалық институтта және Д.А.Қонаев атындағы университетте «Заңгер» мамандығын тәмамдап шығады. Алғаш еңбек жолын Әділет басқармасында аға инспектор болудан бастаған. Көші-қон басқармасының басшысы қызметін де абыроймен атқарады. 2017 жылы отбасылық жағдаймен Сарыағаш ауданына қоныс аударады. Сол уақыттан бері аудандық полиция бөлімінде аға анықтаушы болып еңбек етуде. 

Көрікті де сымбатты полиция майоры бүгінде ауданның тыныштығына, заңдылықтардың сақталуына, тәртібіне барынша атсалысып келеді. Тәжірибесі мол, өз міндетін жауапты әрі қырағылықпен орындайды. Ол қызмет етіп отырған аймақ шекараға жақын болғандықтан, аға анықтаушының жұмысы тіптен күшейе түсетіні анық. 

Әрине, өздеріңіз білетіндей Сарыағаш ауданы шекараға жақын орналасқан. Сол себепті, ары-бері ағылып жатқан адамдар көп. Шекарадан кейбір азаматтар есірткі алып өтпек болады, ұрлық-қарлық жасаушылар, жалған құжат дайындаушылар қолға түсіп жатады. Солардың бәрін де анықтап, заңға сәйкес тиісті жұмыстарды жүргіземіз, – дейді Төребекова


Айжан Сержанқызы мылтық атуды да жақсы меңгерген. Аудандық, қалалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ, қоғам тыныштығын күзету жолындағы ерен еңбегі үшін бірнеше рет Алғыс хаттармен марапатталған. 

Айта кетейік, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде Айжаннан басқа 5 қыз-келіншек шен тағып, ерлермен қатар қызмет атқаруда. Баршасы да қызметтік міндетін атқару барысында антына адалдық танытып, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға үлкен үлес қосуда. 

Біз осында келген әрбір азаматқа қол ұшын беріп, құқықтық бағытта жәрдем көрсетеміз. Полицияға жұмыс бабында, өзінің әрбір ісінде қателесуге болмайды. Себебі, оның артында адам тағдыры тұр, - дейді полиция майоры Айжан Сержанқызы. 

Осылайша полиция ару анықтаушылық қызметте тек жақсы жағынан ғана көрініп келеді.

Өзгелердің жаңалығы