Бас жаңалықтар
Адвокат екі қазақтың Шыңжаңнан не үшін қашып келгенін айтты
11 Желтоқсан 2019, 18:41 4344

Адвокат екі қазақтың Шыңжаңнан не үшін қашып келгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адвокат Ләззат Ахатова этникалық екі қазақ Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының неліктен Қытайдан шекара бұзып, не үшін қашып келгенін айтты.  

6 желтоқсан күні ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының сот шешімінен кейін Қытайға берілетінін айтты. Ол өрескел заңбұзушылық, қателік деп есептеймін. Бұл кісі осындай лауазымда отырып, заңды білмей ме? Әлде сыйламай ма? Түсінбедім. Дархан Ділманов мырза айтып отырған екі ел арасындағы (Қазақстан мен Қытай – авт) келісім 2006 жылы 14 желтоқсанда бекітілген. Алайда ол келісімнің 32-бабы бойынша шекара бұзғандар 7 күн ішінде өту себептері анықталып, саяси мақсаттары болмаса қайтарылады. Шекарашылармен сөйлестім, келісімді әбден зерттедім. Ондай жағдай болып тұрады екен. Қой бағып өткендер де бар. Сосын адасып өткендер қайтарылады. Ал бұл екі жігіттің жағдайында бұл келісім қолданылмауы керек. Өйткені Қастер мен Мұрагер Қытайдың аз ұлттарға жасап жатқан геноцидінен қашып келгендер. Өз бастарын ғана ойлап емес, сол жақтағы қандастарының жағдайларын айту үшін осындай әрекетке барған. Ол жақта азаппен өлгенше, Атажұртқа келіп жеткізіп сотталғанымыз артық деп ойлаған. Мақсатты түрде шекараны бұзған, - деді Ләззат Ахатова. 

Осы ретте ол екі азаматтың неліктен шекарадан заңды түрде өтпеді дегеніне жауап берді.


Мен сол сұрақты қорғауымдағы екі жігітке де заңгер ретінде қойғанмын. Бірақ 2014 жылдан бері қарай қандастардың шекарадан өтуі қиын. Соңғы жылдары ол жақтағы қандастарымыздың төлқұжаттарын алып қойған. Саяси жағдайда көптеген қандасымыз көшіп келуге дайын отыр екен. Бірақ құжаттарынан айырылып қалған. Сондықтан заңды түрде өту мүмкін емес. Екі жігіттің қашып келу себебі – үш күннен кейін саяси лагерьге барасын деп айтқан. "Көзіңді аламыз", "бүйрегінді аламыз" деп айтқан. Батыстың ақпарат құралдарының шулап жатқаны тегін емес екенін осыдан кейін білуге болады. Менің қарауымдағы Қастердің туған інісі Қасиеттің 4 жылдан бері қайда екені белгісіз. Саяси лагерьге алып кеткен, сот та болмаған. Бізге ертегі болып көрінгенімен, қандастарымыздың жағдайы қиын, - дейді адвокат.

Бұған дейін адвокат Ләззат Ахатова Бекболат Тілеуханмен суретке түскен Қытай қазақтары сотталғанын айтқан болатын.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...