Бас жаңалықтар
Қадір түнін ұйқысыз өткізу шарт па?
19 Мамыр 2020, 12:35 2082

Қадір түнін ұйқысыз өткізу шарт па?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Рамазан айының қасиетті Қадір түні. Бұл түні жасалған құлшылық пен оқылған дұға қабыл болады. Алайда биылғы түн жылдағыдан өзгеше болып тұр. Жылда жамағат мешітке жиналып, таң арайлап атқанша құлшылық қылатын. Биыл оған әлемді жайлаған жаман індет бой бермей тұр. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да Қадір түнін үйде өткізуге үндеу жариялады.

Ал үйде бұл түнді қалай өткізген абзал? Қандай дұға оқылады? Қандай құлшылық жасалады? Таң атқанға дейін ұйықтамай отыру міндетті ме? Бұл сұрақтарды Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтан сұраған едік.

– Биыл біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем халықтары үшін үлкен сынақ болып тұр. Алла бұл сынағының да жеңілдігін берсін. Мұсылмандар үшін ең бір қасиетті орын саналатын мешіттердің барлығы жабылды. Осыған орай мешітте өтелетін барлық діни рәсімдер уақытша тоқтатылды. Биыл Рамазан айында жамағатпен оқылатын тарауих намазы да оқылмады. Ауызашарлар берілмеді. Дегенмен, бұл жолы еліміздегі барлық мешіттерден ауызашар қалталары таратылды. Кеше еліміздегі төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін біраз мешіттеріміз қайта ашылып жатыр. Дегенмен, әлі де дерттің қаупі сейілген жоқ. Сондықтан мешітке келу тәртібінде де көптеген шектеулер бар. Әлі де болса мешітте жамағатпен намаз оқуға рұқсат жоқ. "Әр қиындықтың артында жақсылық жасырулы тұрады" деген ардақты пайғамбарымыз. Сондықтан Алладан сабыр, жарылқау тілейміз. Жаратқан иеміз осы сынағынан кейін жақсылығымен қуантқай. 

Бүгін 19-нан 20-на қараған түні – қасиетті Қадір түні. Бұл түннің мың айдан да қайырлы екендігі қасиетті Құран кәрімнің "Қадір" сүресінде айтылған. Осы түні жасаған құлшылығымыз 83 жыл жасалған құлшылықпен теңестіріледі. Яғни 83 жыл жасаған құлшылықтың сауабы жазылады. "Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны", – дейді пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

Сондықтан бұл түнді мейлінше сауапты істермен өткізген дұрыс. Оның біріншісі – намаз оқу. Тәһәджүд намазы, қаза намаздарын, түрлі нәпіл намаздарын оқыған абзал. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы: "Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сеніп, ондағы сауабына кенелемін деген мақсатпен намаз оқыса, онда оның өткен күнәлары кешіріледі", - деген.

Екіншісі – Құран оқу. Білетін сүрелеріңізді қайталап, әсіресе "Қадір" сүресін оқыған жақсы. 

Үшінші – Алладан жарылқау тілеу, кешірім сұрау, тәубаға келу. Атақты әрі беделді хадисші Суфуанус Сәури өзінің бір сөзінде: "Бұл түні дұға етіп, Алладан кешірім сұрап, тілек тілеу – мен үшін намаз оқудан қайырлы. Егер Құран оқып, артынша дұға етіп отырса, тіптен жақсы" деген. Себебі бұл түн – көптеп Аллаға дұға етіп, кешірім тілеу түні.

Төртіншіден – дұғамыздың арасында еліміздің, дініміздің амандығы үшін, мына дерттен ертерек құтқаруын сұрап, дұға тілеуді де ұмытпағанымыз жөн. Әрбір қиындыққа тап болған жандар үшін Алладан жәрдем сұрау да аса сауапты іс. "Е, Алла, сен дұғаларды қабыл етушісің, күнәларды кешірушісің. Менің де дұғаларымды қабыл етіп, күнәларымды кешіре гөр" деген дұғаны оқыған дұрыс.

Кейін "Субханаллаһи уә бихамдиһи, субханаллахил Ғазим", "Астағфирулла", "Әлхамдулилла",  "Аллаһу әкбәр",  "Лә иләһә иллаллаһ" сынды зікірлерді көбірек айту артықтық етпейді.

Енді "Бұл түнді ұйқысыз өткізу шарт па?" деген сауалыңызға келейік. Бұл түн жоғарыда айтқанымыздай, мың айдан да қайырлы. Яғни Алла тағала сіз бен бізге мың "күнде жинайтын сауапты бір түнде жаса да ал" деп отыр. Ендеше мұндай түнде уақытты қалай бос өткізуге болады. Бұл адамзатқа берілген үлкен мүмкіндік қой. Бірақ Қадір түнінің мақсаты ұйқысыз отыру емес, Жаратушыдан дұға тілеп, құлшылық жасап өткізу. Егер кім де кім бұл түні ұйықтамау керек деген оймен кино көріп, ойын ойнап, пайдасыз іспен шұғылданып отырып таңды атыратын болса, ол түннің босқа өткені.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...