Әділ сот төрелігін қамтамасыз етуіміз керек – Тоқаев қазақтың үш биін үлгі етті

2 Шілде 2019, 11:50
2467
Бөлісу:
Әділ сот төрелігін қамтамасыз етуіміз керек – Тоқаев қазақтың үш биін үлгі етті
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Astana Finance Days қаржы конференциясы өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Сот ғимараты мен Халықаралық сот төрелігі орталығының ашылу салтанатына қатысты. 

"Барлықтарыңызды АХҚО Сотының жаңа ғимараты мен Халықаралық сот төрелігі орталығының ашылуымен құттықтаймын. Сіздердің барлықтарыңыз білетіндей, біз қазір көптеген құрылымдық жүйелерге реформалар жүргізудеміз. Себебі құқықтың үстемдігі табысты экономиканың негізгі көзі саналады. Біз заманауи және кәсіптік сот жүйесінің қалыптасуына назар аударудамыз. АХҚО соты мен Халықаралық сот төрелігі орталығын ағылшын құқығы негізінде құра отырып, осы арқылы институционалдық құрылымды, яғни жасақтауды аяқтадық. АХҚО-ның құрылуы біз үшін де өте маңызды. Яғни, ең озық дамыған мемлекеттер қатарына кіру үшін аса өзекті. АХҚО сотының ең құрметті және беделді британдық соттардан іріктеліп алуынуы осы АХҚО сотының табысты жұмыс жасауына ықпал етеді. Бүгін АХҚО соты мен Халықаралық сот төрелігі орталығы өзінің тарихын жаза бастады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ағылшын тілінде баяндама жасаған президент "біздің сот жүйесінің тарихы ХV ғасырда басталды" деді.

"Осы уақыттан бастап еліміздегі негізгі сот органы – Билер соты болған еді. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би деген билеріміз болған. "Би" дегеніміз біздің тілімізде "судья" дегенді білдіреді. Және осы институт үйлесімділікке, бейбітшілікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. Яғни, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету арқылы осындай іс шаралар жүзеге асырылған болатын. Бүгінгі күні біз тарихымыздың жаңа парағын ашып отырмыз. АХҚО судьялары өте әділ, объективті шешім қабылдайтын болады. Сондықтан бүгін осы іс-шараны қазақ халқының үш биінің бірінің атымен аталған ғимаратта өткізіп отырмыз", - деді Тоқаев. 

Атап өтсек, Мемлекет басшысы қатысқан іс-шара АХҚО-ның Төле би залында өтті. Бұған қоса, Қаржы орталығында Әйтеке би деген дәріс залы және Қазыбек би деген сот төрелігі залы бар екен.

Astana Finance Days 1 шілде күні басталған, шара 4 шілдеге дейін жалғасады.

Еске салсақ, 2015 жылғы желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойған болатын. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі қаржы қызметтерінің жетекші орталығын қалыптастыру. Қаржы орталығының міндеті – қаржы қызметтері саласын инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестицияларды тартуға көмектесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциясын қамтамасыз ету.


Өзгелердің жаңалығы