Адамдардың «тым ақылды» болғаны да зиян. Жемқорлықты жоюдың жолдары

15 Қазан 2020, 10:00
5109
Бөлісу:
Адамдардың «тым ақылды» болғаны да зиян. Жемқорлықты жоюдың жолдары
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жемқорлықты қалай жою керек? Қоғамда қандай таптаурындар бар? Қазақстанда жемқорлықты азайту мен жою үшін қандай заңнамалар қабылдау қажет? Осы және өзге маңызды сұрақтардың жауабын табу үшін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Расул Медетовпен әңгіме өрбіткен едік.

Менталитет мәдениеті 

Расул Медетов Елбасының жастарды қолдауға арналған сәтті жобаларының бірі «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Шеффилд университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Ол университет кезінде өзі куә болған шетелдік менталитетті мысалға алды. 

Әріптестік орнату мақсатында жемқорлық туралы мақалаларды шетелдік басылымдарда шығару бойынша келіссөздер жүргіздім. Сонда байқағаным, оларға бұл тақырып мүлдем қызық емес. Себебі олар үшін жемқорлық проблема емес. Олардың санасында жемқорлық жат дүние ретінде қалыптасқан. Шетелде оқыған қазақстандықтар да көп қой. Олардың басым бөлігі басында қиналды. Оқу барысында 5-6 бет курстық жұмыс немесе эссе жазуға тапсырма беретін. Сол міндетті кейбір «пысық» балалар ағылшындарға жаздыртып алуға тырысты. Біздің елімізде ондай қызметті жасап беретіндердің бар екені өтірік емес қой, - дейді ол. 

Медетов қазақстандықтар қосымша жұмыс істеп жүрген шетелдік студенттерге курстық жұмысты жазып беруді ұсынғанғанын айтты. 

Алайда олардың барлығы бас тартты. Ұлыбританияда бір сағат жұмысқа 4,5 фунт төлейді. Ал шетелдік студенттерге бір курстық үшін 200 фунт ақша ұсынылды. Бұл дегеніміз екі аптада табатын ақшасын бір курстық жазып беруден тауып алу мүмкіндігі. Алайда олар бас тартты. Ақша үшін ешкім өзінің ар-ұятынан аттап кеткен жоқ, - дейді Расул Медетов. 

Сөйлесін субъект 

Департамент директоры Кеңестік жүйе кезінде де жемқорлық үлкен дәрежеде белең алмағанын айтты. 

Қазір қоғамда оңай ақша табуға әуестеніп алған сияқты. Бірақ ТМД елдерімен салыстырғанда біздің жағдайымыз жақсы. Transparency International халықаралық ұйымдардың жемқорлыққа қатысты рейтінгі бойынша биыл біз 113-ші орынға ие болдық. Былтыр бұл көрсеткіш 124-ті құрайтын. Яғни, бір жыл ішінде біз 11 позицияға көтерілдік. Бұл күш-жігер мен еңбекті қажет етеді, - дейді ол. 
Медетовтың айтуынша, Сингапур елі көп жағдайда үлгі ретінде қаралады. 
Оларда субъектілердің саны көп. Бізге де субъект санын кеңейтуіміз керек. Мысалы, қоғам жемқорлық деп қабылдайтын дүниелер заң бойынша назарға алынбай жатады. Мысалы, біздің агенттіктің субъектісіне қарапайым тұрғындар жатпайды. Тек мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген тұлғалар ғана жатады. Теңестірілген қызметкерлерге әскерилер, депутаттар, судьялар жатады. Университет мұғалімі, дәрігер, ХҚО қызметкері, банк қызметкері біздің субъектіге жатпайды. Сол үшін субъектілер санын көбейту керек, - дейді ол. 

Расул Медетов өткен аптада заңға өзгертулер енгізілгенін айтты.  

Ол бойынша қосымша субъект қосылды. Енді квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін мемлекеттік сатып алуға қатысатын басшылар да субъект болып табылатын болды. Субъект саны аз да болса кеңейді. Бірақ біздің ұсынымымыз бойынша тізімге банк ТОП-менеджерлері, өңірлердегі монополист ұйымдарының басшылары, жеке сот орындаушыларын енгізу керек, - деді Медетов. 

Жалақының жыры 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «арзан мемлекеттік аппарат халық үшін қымбатқа түсетінін» айтты. Барлық мемлекеттік қызметкер бастық емес. Оның барлығы құзыретін пайдаланып, ақша жымқырып жатқан жоқ. Бірақ мемлекеттік қызметшілер жалақысының төмендігіне орай, кейбіруі заң бұзушылыққа барып жатады. Сондықтан олардың жалақысын міндетті түрде көтеру керек, - деді ол. 

Медетов айтқандай, судьялардың жалақысы сияқты мемлекеттік қызметкерлердің де табысын арттыру керек. 

Қазір сот жүйесіндегі әділдік реттеліп келеді. Өз тәжірибемнен айтатын болсам, Сот академиясын тәмамдадым. Судья болып қызмет ететін таныстарым баршылық. Олардың жалақысы жоғары. Олар өзге ештеңеге араласқысы келмейтінін айтады. Сол сияқты мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көбейту керек, - деді Медетов. 
Расул Медетов айтқандай, әсіресе, бұл проблема өңірлерде белең алып отыр. 
Өңірлердегі мемлекеттік қызметтегі басшылардың жалақысы мардымсыз. Бірақ ол басшылардың қолында миллиардтаған қаражат айналымда жүреді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» демекші, олар заң бұзушылыққа барып жатады, - деді ол. 
Департамент директоры заң шығаруға қатысты көп ұсыныс жасалатынын айтты. 
Біздің ұсыныс Парламентке жеткенше бірқатар талқылаудан өтіп, мемлекеттік органдардың пікірі де тыңдалуы керек. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, кейбір ұсыныстар кейінге қалатын жағдайлар да болады, - дейді ол. 

Бақ пен бап 

Қоғамда басқару ісінде жетістікке жеткендер тек танысы немесе «салмақты» көкесінің ықпал етуімен жүр деген таптаурын бар екені өтірік емес. 

Расул Медетовтың жағдайында керісінше. Ол халық арасынан шыққан қарапайым азамат, білімге ұмтылысы мен мемлекеттің жастар үшін берген мүмкіндіктерінің арқасында жетістікке жеткенін айта кету керек. 

Мен Батыс Қазақстан облысының тумасымын. Дәрігерлердің отбасында дүниеге келдім. Мені өсіріп жеткізген анам – балалар дәрігері. Елбасының «жастар өңірлерге барып қызметке араласу керек» деген тұжырымы аясында, Қазақстанның бірқатар аймағында - Ақтөбе, Атырау, Орал, облыстарында және Алматы қаласында мемлекеттік қызметте болып, қызмет атқардым. Мемлекеттік қызметте қарапайым маманнан департамент басшысына дейін өз күшіммен көтеріле алдым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі – Президенттік кадр резервіне де ендім. Мемлекеттік қызметте үздік нәтиже негізінде резервке өту арқылы мемлекеттік лауазымдарға – басқару лауазымдарына тағайындалдым, - дейді ол. 

Алу мен жағу 

Медетовтың айтуынша, қазақ жалқау емес, халық өте ақылды. 

Сол өте ақылды болудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Кейде өзімізді «тым ақылды» санаймыз. Кез келген жұмысты тез, оңай жолмен шешкенді қалаймыз. Яғни, тым пысық болудың да кері әсері бар. Ол қандай жолмен шешіліп жатқанына аса мән берілмейді. Тіпті, перзентханадан балаңды алып кетуге барғанның өзінде дәрігерлерге гүл ұстату дұрыс емес. Себебі азаматтардың өзі біреудің қызметін елейміз деп сыйлық алуға үйретіп қояды. Олар кейін келген адамдардан да соны дәметеді. Ал ондай сыйлық жасауға екінің бірінің жағдайы келе бермейді, - деді Медетов. 

Оның айтуынша, қоғамдағы «ұят» деген түсінік те әсер етеді. 

«Ұят болады, беру керек» дейді. Соңғы ақшасына сондай сый-сыяпат сатып алады. Ал кейін сол ақшаның орнын басқа жолмен толтыруды ойлайды. Яғни, ол да біреуден алады. Бұл үзілмейтін тізбек. Қазақтың киіті сияқты, - дейді Медетов. 

Дегенмен, Расул Медетов жемқорлық саны жыл өте келе азайып келе жатқанын айтты. 

Біз агенттікке психологті шақырдық. Ол жемқорлыққа итермелеудің тағы бір жолы әйелдер екенін айтты. Бұл дұрыс айтылған сын болды. «Анау күшті көлік алыпты, үйін кеңейтіпті» деп айтуы мүмкін. Көп әйел оны бейсаналы түрде айтуы мүмкін. Бірақ салдары өкініш тудырып жатады, - деді ол. 

Медетовтың айтуынша, бала тәрбиесіне де мұқият болған абзал. Себебі балаға кішкентай кезінен бастап «сен бастық боласың, министр боласың, әкімдікте істейсің» деп айтады. 

«Әкімшілікте жұмыс істеуің керек» деп жатады. Ал оның айлығы мардымсыз. Ал қазір мұғалім мен дәрігердің жалақысы көп. Бірақ бәрібір «әкімдікте жұмыс істе» дейді. Себебі ол жерде қолыңда кішкене болсын билік бар, қосымша ақша таба алады деп ойлайды. Осылайша, ата-ананың өзі ойламаған жерден баласын «қисық» жолға итермелеуі мүмкін, - деді ол. 

Расул Медетов жемқорлықты жою емес, оның алдын алу шараларына көп көңіл бөлінетінін айтты.


Өзгелердің жаңалығы