Бас жаңалықтар
"Адалдық алаңы" жастардың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосады
06 Тамыз 2020, 11:34 219

"Адалдық алаңы" жастардың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Facebook-тегі ресми парақшасында өткен онлайн кездесу барысында мәлімдеді.

Өңір оқушылары арасында парасаттылық қағидаттарының қалыптастырылуына тоқталған әкімнің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстар басты міндеттердің бірі екенін айтты.

Өткен оқу жылында облыстың барлық мектебінде "Парасаттылық мектебі" өз жұмысын бастады. Ондағы мақсат – оқушылардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ерте жастан қалыптастыру. Былтыр жыл соңында агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың Ақмола облысына сапары барысында облысымызда ірі шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі - облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың және студенттердің қатысуымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде "Парасаттылық мектебінің" салтанатты ашылуы өтті. 
Сондай-ақ, тағы бір ірі шара – ақмолалық 600 студенттің қатысуымен "Саналы ұрпақ" және "Адал ұрпақ" парасаттылық сағаты өткізілді. Ол кезде де агенттік төрағасы жастарымыздың бастамасына жоғары баға берді. Жалпы, облысымыздың жергілікті билік органдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп жұмыс істеп келеді. 2019 жылдан бастап Ақмолада "Адалдық алаңы" жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосады, - деді ол.
Айна Мысырәлімова Ақмола "Адалдық алаңы" жобасымен өңірлік 555 мектеп, 32 колледж, жоғары оқу орны қамтылғанын атап өтті.
Парасаттылық қағидаттарын сақтау үшін жоғарыда айтып кеткендей, 555 мектеп клубтары және 19 аудандық бірлестік жұмыс жүргізуде. Бұл клубтарда 5 мыңнан астам қатысады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 1800 студенттің қатысуымен 32 саналы ұрпақ клубы жұмыс істейді. Студенттер таза сессиялар өткізу арқылы оқыту жүйесінде үлкен жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, 200-ден астам адамның қатысуымен "Саналы ұрпақ" және "Адал ұрпақ" оқушылары мен студенттерінің облыстық слеттері өткізіліп отырады. Ақмола "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесімен бірлесіп, 266 адалдық дүкені жұмыс істеді. Қазір жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары басталды. Былтыр жасалған жұмыс жалғасын таппақ. Дәстүрлі форматтағы іс-шаралар онлайн режимде өткізіледі, - деді ол.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...