Абылай ханның ұрпағы дүниеден өтті

31 Наурыз 2021, 15:40
2336
Бөлісу:
Абылай ханның ұрпағы дүниеден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР мемлекеттік Елтаңбасының, Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің авторы Шот-Аман Уәлихан 89 жасына қараған шағында дүниеден өтті.

Қазақстан мен одан тысқары мемлекеттерге танымал сәулетші, қоғам қайраткерінің отбасы мен туған-туыстарына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова көңіл айтты.

Министрліктің атынан Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханның қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Шот-Аман Ыдырысұлы саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнап, мағыналы өмір сүрген өз ортасына сыйлы, болмысы бөлек жан еді. Ол халқымыздың тарихындағы ардақты тұлғалардың ескерткішін жасап, ер есімін ел арасында ұлықтауға, сәулеті көз тартар ғимараттардың бой көтеруіне сүбелі үлес қосты, - делінген министрдің көңіл айту хатында.

Шот-Аман Уәлихан елорда төріндегі Кенесары Қасымұлы, Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы, Ерейментаудағы Бөгенбай батырдың, ШҚО-дағы хакім Абай мен Шәкәрімнің, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов, Дина Нұрпейісова, Əліби Жангелдин, Тоқаш Бокин, Ғани Мұратбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Талғат Бигелдинов, Жұмағали Саин, Тайыр Жароков, Тахауи Ахтанов, Əбу Сəрсенбаев, Дінмұхамед Қонаев, Тілес Қажығалиев, Құрманай Омарова, Нұрғали Тасмағамбетов, Шапық Шокинге арналған ескерткіштердің авторы.

Сол сияқты Алматыдағы «Динамо» стадионы, Алматы қаласы əкімдігінің, қазақ-неміс университеті ғимаратының, Қарағандыдағы Космонавтика монументі сынды еңселі нысанның жобасын жасады. Сегіз қырлы, бір сырлы ағамыз еліміздің сәулет және бейнелеу өнерінің өзекті мәселелерін көтерген көптеген ғылыми мақаламен қатар бірқатар драмалық шығарма жазды. Олардың қатарында «Тағдыр», «Шоқанның анты», «Ақнұр», «Шоқанның ақ түндері», «Террор» атты пьесасы бар. Ғибратты азаматтың асыл бейнесі, ерен еңбегі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын, - делінген Ақтоты Райымқұлованың көңіл айту жедел хатында.

Айта кетейік, Шот-Аман Уәлихан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», «Отан», «Даңқ» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторы, Тəуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Сəулетшілер, Дизайнерлер, Жазушылар және Суретшілер одақтарының мүшесі, бүкіләлемдік Шыңғыс хан академиясының, Шығыс елдері Халықаралық сәулет академиясының, Халықаралық сəулет академиясының академигі.

Ол атақты Абылай ханның ұрпағы. Абылайдың бір баласы Қасымханнан тарайтын Кенесары – Наурызбаймен де туыс.

Өзгелердің жаңалығы