Қарағанды орталығында Абайға көше берілді

7 Қазан 2020, 13:11
3892
Бөлісу:
Қарағанды орталығында Абайға көше берілді
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай облыс орталығындағы көшелердің біріне оның есімі берілді. Бұрынғы Ленин көшесі енді қазақтың ұлы ойшылының атымен аталады. Бұған дейін облыс орталығында Абайдың атымен аталатын көше болмаған еді.

Үстіміздегі жылдың 13 қаңтарында Қарағандыда идеологиялық тұрғыда ескірген 10 көшенің атын ауыстыру жайлы қоғамдық тыңдалым өткен болатын. Онда қарағандылықтар Ленин көшесіне Абай атын беруді бір ауыздан қолдап, дауыс берген. Қоғамдық тыңдалымның қорытындысы республикалық ономастикалық комиссияға жолданды. 

Ал 28 қыркүйек күні Абайдың 175 жылдығына орай комиссия шешімімен көше атауын ауыстыру жайлы нақты шешім қабылданды.

Қарағанды орталығында Абайға көше берілді

Бір айта кетерлігі, бұрынғы Ленин көшесіндегі аншлагтарды ауыстыруға бюджет қаржысы жұмсалмаған. 100-ден астам аншлагты жаңарту жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен жүргізілуде.


2020 жылдың қаңтарындағы қоғамдық тыңдалымда қаралған Ленин көшесінің атын Абай көшесі деп ауыстыру бойынша 28 қыркүйекте шешім шығарылып, қаулы қабылданды. Ленин көшесін Абай көшесіне ауыстыруға байланысты барлық шығынды қаламыздың патриоты, жанашыр кәсіпкер, "Нәтиже" ЖШС сүт фабрикасының директоры Ерлан Әшім өзі көтеруде. Көше атауын ауыстыруға бюджеттік қаражат бөлінген жоқ, - дейді Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.
Қарағанды орталығында Абайға көше берілді

Әкімдіктің мәліметінше, қалған 9 көшенің атын ауыстыру бойынша нормативтік құқықтық акті дайындалып жатыр.

Қарағанды орталығында Абайға көше берілді

80 жылдан астам тарихы бар Ленин көшесінің Абай көшесі аталуына байланысты қарағандылықтардың пікірі екіге жарылды. Көпшілік бұл жаңалықты қуана қабылдаса, қарсылық көрсеткендер де табылды.


Қаламызда Абай атындағы көшенің болуы заңдылық деп санаймын. Бірақ Ленин көшесін ауыстырмауға болатын еді. Қалай дегенмен де, бұл КСРО-ның ғана емес, Қазақстанның да тарихы емес пе? Ал тарих ұрпақтың есінде қалуы керек. Абайға жаңадан салынып жатқан қала орталығындағы көшелердің бірін беруге де болатын еді, - дейді қала тұрғыны Лидия Мамедова.

Қарағанды орталығында Абайға көше берілді

Қарағандыда бұған дейін Абай атындағы бір де бір көше, даңғыл болмаған еді. Абайдың 175 жылдығына орай қабылданған бұл шешім халықтан қолдау тапты. Енді қаланың ең ірі әрі ең әдемі көшелерінің бірі Абай атымен аталатын болады.


Қарағандыда Абай атындағы көше жоқтығын естігенімде қатты таңдандым. Қазақтың ұлы ойшылының есімін ұлықтау ұрпақ үшін маңызды. Сондықтан да бұл шешім барлық қарағандылыққа маңызды деп санаймын. Қаламызда Абайдың атындағы көшенің пайда болуымен барлық тұрғынды құттықтаймын, - дейді Елизаветта Седышева.

Өзгелердің жаңалығы