Абайдың туған күні қай күн?

9 Тамыз 2019, 15:58
9390
Бөлісу:
Абайдың туған күні қай күн?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абайдың туған күнін неге әртүрлі айтып жүрміз? Расында, Абай хәкімнің туған күні қай күн? 10 тамыз ба, әлде 23 тамыз ба? Бұл туралы Ruh.kz жазды.

Абай – жазба әдебиеттің негізін салған, гуманистік ұлы ойдың иесі. Егер Абайды ұлттық құндылықтың басы деп түсінсек, оның туған күнінің нақтылығына дейінгі мәселелердің бәрі нанымды және жүйелі болуы керек. 

Елордадағы "Достық" үйінде қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқарасы мен "Руханият" орталығы ұйымдастырған "Абайтану мәселесі: туған күні жөніндегі деректер" тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында абайтанушы-ғалымдар мен алаштанушылар, қоғам белсенділері түйткілді мәселені жан-жақты талдады. Жиынға жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалин, абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел, абайтанушы, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы, әдебиеттанушы-ғалым Ербол Тілешов, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайырбек Кемеңгер, Семейдегі республикалық "Абай" музейінен арнайы келген музей ғылыми қызметкері, жазушы Қуат Қиықбай, алаштанушы Алма Сайлауқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали  және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, тартысты пікір тудырды.

Жазушы Сұлтан Оразалин Абайдың туған күні 10  тамыз деген пікірді ұстанатынын білдірді.

Абайдың туған күніне араша түскен азамат, қоғам қайраткері Ержан Еңсебай.

Отырыс соңында ғалымдар Абайдың туған күні төңірегіндегі мәселені бір жүйеге түсіріп, ортақ келісімге келді. Сонымен, ұлы Абайдың туған күні – 23 тамыз күні деп белгіленді. Оның себебі: Абайдың немересі, ақын мұрасы мен өмірі туралы көлемді естелік жазған Әрхам Ысқақұлының жазған дерегіне сәйкес келеді. Жиыннан соң арнайы шешім қабылданды. Бұл шешім енді еліміздегі барлық әдеби-мәдени, қоғамдық құрылымдарға таратылып, республикалық деңгейде Абайдың туған күнін нақты 23 тамыз күні атап өту туралы бастама көтеріліп, ұйғарылды. Енді wikipedia және тағы басқа газет, журнал, сайттардағы қателіктер мен кемшіліктерді түзету туралы қоғамның ұсынысы жарияланады. 

Өзгелердің жаңалығы