Абайдың қос томдығы қайта басылады

14 Қаңтар 2019, 20:48
1635
Бөлісу:
Абайдың қос томдығы қайта басылады

Астана, BAQ.KZ. 2020 жылы Абайдың 175 жылдығына орай ақынның екі томдық жинағы қайта баслып шығады. Бұл туралы Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева мәлімдеді.

«Бүгінде «Абай әлем тілдерінде» деген жобаны қолға алдық. Абайдың 175 жылдығында жинағын 6 тілде 2020 жылы шығарамыз деп отырмыз. Осы датаға арнайы Абай шығармаларының 2 томдық жинағы қайта қаралып, ішіндегі кейбір түсініктемелер қайтадан жазылып, баспаға дайындалуда. Оған Абайдың осыған дейінгі жинақтарына ілінбей қалған азын-аулақ шығармалары да кіргізілетін болады. Бұл жұмыстарды музей ұжымы абайтанушылармен бірлесе дайындап жатыр», - деді Қайрамбаева.

Қазіргі таңда қорық-музей құрамында Семейдегі бас музей және «Алаш арыстары музейі, Жидебайдағы Абайдың музей үйі, «Шәкәрімнің саят қорасы» музей экспозициясы, Абай-Шәкәрім кесенесі, М.Әуезовтың «Бөрілі музей үйі», абыз ақын Шәкір Әбенұлының музей үйі, Тақырда Көктай Жаңабайұлының музейі, Әсет Найманбайұлының музей үйі бар. Бүгінде музей-қорықта 21 599 жәдігер бар, оның 12 285 – негізгі қорда. Ғылыми кітапхана қорында 13897 кітап бар.

Қайрамбаева 2018 жылы Шәкәрімнің 160 жылдық мерейтойы атап өтілгенін айтты. Осыған орай арнайы shakarim.kz сайты ашылған. Бүгінде музей төрт сайтпен жұмыс істейді.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы