Абайдың өлеңін оқып, әнін айтқандар сыйлыққа ие болды

17 Қаңтар 2020, 15:02
1583
Бөлісу:
Абайдың өлеңін оқып, әнін айтқандар сыйлыққа ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда "Абай әр үйдің төрінде" кітап сыйлау акциясы басталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қазақтың ұлы ойшылы, философ, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ақынның мерейтойын кең көлемде атап өту мақсатында бірқатар тың бастамаларды қолға алуда.

Соның бірі – "Абай әр үйдің төрінде" акциясы аясында қоғамдық орындарда қала тұрғындары мен қонақтары арасында кемеңгер туралы сауалнамалар жүргізіледі. Сондай-ақ шара барысында Абай шығармалары, соның ішінде өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыған, композитордың әндерін нақышына келтіре шырқаған тұрғындарға Абайдың кітаптары сыйға беріледі.

Акцияның алғашқы шарасы Павлодар қаласындағы "Batyr mall" сауда және ойын-сауық орталығында өтті.

Ең алғашқы болып сауалнамаға жауап беруші – ПМПУ-дің 2-курс студенті Ділнәз Кәрімова "Жасымда ғылым бар деп ескермедім" өлеңін жатқа оқып берді.

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша білім алатындықтан Абайдың бірнеше өлеңін білемін. Қазақтың өзге ақындарының өлеңдерін жатқа білемін. Абайды әр қазақ білуі тиіс деп санаймын, - деді Ділнәз Кәрімова.

Кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанова сауда орталығында 15-тен астам кітап сыйға тартылғанын айтты.

Batyr mall орталығына 20 кітап әкелген болатынбыз. 1 сағаттың көлемінде 15-тен астам адам Абайдың шығармаларынан үзінді айтып берді. Көбісі өлеңдерін оқуда. Бір-екі адам әнін орындады. Жалпы, жауап бергендердің басым бөлігі жастар. Жастардың ақынның шығармашылығын білгені қуантады. Акцияда кітапты сыйға тартамыз. Ұлы ойшылдың кітабы әр үйдің төрінде тұру қажет. , - деді Баршагүл Байжанова.
Айта кетейік, "Абай әр үйдің төрінде" акциясы жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Бұл шара қоғамдық және адамдар көп жиналатын орындарда өткізіледі.
Өзгелердің жаңалығы