Абайдың 175 жылдығын тойлауға қанша қаржы жұмсалатынын вице-министр әзер айтты

16 Қаңтар 2020, 13:01
2492
Бөлісу:
Абайдың 175 жылдығын тойлауға қанша қаржы жұмсалатынын вице-министр әзер айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шараларға 3 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар туралы айтылды.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия дайындаған жоспар 82 тармақты қамтиды. Солардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттары, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар. Сонымен қатар облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктері мерекелеудің өңірлік жоспарларын әзірледі. Ұлы Абай мерейтойының ресми салтанатты ашылу рәсімі 2020 жылғы 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Маңызды жобалардың бірі – Абай шығармаларының жинағын шетелдің 10 тіліне аудару және шығару, Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы мен рөлі туралы үш деректі-қойылымдық фильмдерді шығару. 2020 жылғы тамызда Семей қаласында "Абай мұрасы және әлемдік руханият" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Конференцияға белгілі отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдар, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері шақырылады, - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, мерейтой аясында Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын музеефикацияландыру және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

Барлық оқу орындарында Абайдың өлеңдерін және қара сөздерін мәнерлеп оқу және мазмұндау бойынша ашық сабақтар мен тақырыптық шығарма байқаулары өткізіледі. Республиканың барлық аймақтарында оқушылар үшін "Абай жеріне саяхат" атты Абай жерлеріне экскурсиялық турлар қарастырылған. Жоғары оқу орындарында ғылыми конференциялар, Абай оқулары, симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдер, поэзия кештері, Абай өлеңдерін үздік оқу, әндерін орындау және шығармашылығын білу бойынша семинарлар мен конкурстар жоспарлануда. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан "Абай академиясы" ғылыми-зерттеу институты құрылды, - дейді Нұрғиса Дәуешов.

Баспасөз мәжілісінде тілшілер Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шараларға қанша қаржы бөлінетінін сұраған болатын. Бірақ вице-министр бұл сұраққа әзер жауап берді. Оның айтуынша, республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қарастырылған екен.

Өзгелердің жаңалығы