Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

1 Қаңтар 2021, 10:04
3542
Бөлісу:
Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Данышпан ақын, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толған мерейтойын мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде атап өту үшін Мемлекет басшысының арнайы қаулысымен 2020 жыл Абай жылы болып жарияланған-ды.

Алайда, наурыз айының ортасынан бастан ушыққан індет пен қатаң шектеулердің салдарынан көптеген шаралар қысқартылып, болуға тиісті жиындар өтпей қалды. Дегенмен, басталған жыл аяқталды. «Бұл жылды жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе?» деп өткенге бір көз жүгіртіп көрдік. Ақынның мерейтойы құр даурықпа емес, кісіге ой саларлықтай салмақты дүниелердің атқарылуымен есте қалды деп айтуға болатын да секілді. Алты алаштың басын қосып, ат шаптырып, арқан тартысып, саба-саба қымыз сапырып, жағалай ақшаңқай үйлер тігіп той қылмасақ та бас аяғы бар, «қыздың жиған жүгіндей» жып-жинақы аталып өтілді ғой деп ойлаймын. Абайша айтқанда, мақтанып бекер мал шашпадық.

Жылдың басын Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың өзі «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласымен бастады. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақала қоғамда қызу талқыланды. Президент аталған мақаласында: «Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады. ...Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы, – деп жазды Президент.

Мемлекет басшысы айтқандай, Абай арманы – халықтың арманы еді. Абай қазақ оянса, түзелсе, білсе деді. Кейде осыдан бір ғасыр бұрын Абай сынаған қазақ әлі де өзгермегендей көрінеді. Біз әлі де Абайдың айтқанын ғана айтып келеміз. Оның ақылын өз өмірімізде пайдалануға құлықсыздаумыз. Биылғы Абай жылы мен Президенттің мақаласы ақынды тағы бір оқып шығуға, өзімізді түзеуге үндегендей болды.

Абай жылы ресми ашылды

Қаңтардың басында жарық көрген Мемлекет басшысының осы мақаласынан кейін көп ұзамай Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлау салтанаты ресми түрде басталды.

Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

«Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концерт «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтті.

Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

Шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты.

«Ұлы ақын Абай ұлдарымен»

Елімізде де, әлемде де Абай ескерткіштері аз емес. Бірақ, барлығына ортақ бір ұқсастық бар. Барлығы дерлік қолына кітап ұстаған, иығына шапанын жаба киген Абайды бейнелейді. Ал, биылғы ашылған «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты ескерткіш осы айнымастай болған қағиданы бұзды.

Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Турағұлмен бірге бейнеленген. Композиция идеясы портреттік ұқсастықты ғана көздемеген. Ескерткіштің авторы Нұрбол Мейрамұлы ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен.

10 тамыз – Абай күні

Биылдан бастап 10 тамыз – Абай күні болып жарияланды. Бұл күн – Абайдың туған күні ретінде аталып келген болатын. Алайда, абайтанушылар арасында ақынның өмірге келген күні туралы екі жақты пікір бар. Бірі тамыз айының 10-ы Абайдың туған күні десе, екінші абайтанушы ғалымдар 23-тамыз Абайдың шын туған күні деген пікір айтады.

Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

Ең өкініштісі еліміздегі абайтанушы ғалымдардың басын биылғы Абай жылы да біріктіре алмады. 

«Абай» арнасы

Көгілдір экран көпті тәрбиелейтін күшті құрал екенін әлдеқашан дәлелдеген. Алайда, бүгінгі таңда сол көптің көбінің көңілі көгілдір экраннан көрсетіліп жүрген дүниеге тола бермейді. Арналардың да ұстанымы арзан сөз, арзан күлкімен көрерменнің қымбат уақытын ұрлауға көшкен. Жағалай шоу жайлаған тұста елдің көзі мен көңілін есті арнаға бұру қажеттілік еді. Сол қажеттілікті «Абай» арнасы толықтыра бастағандай.

Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

Мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасы аз уақытың ішінде өз көрерменін жинап та үлгерді. Ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Abai tv» телеарнасы ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынады.

Абай телехикаясы

Биыл еліміздің тарихында алғаш рет Абайдың өмірі мен тұрмысы, өскен ортасы мен қоғамы туралы телесариалдар түсірілді. Абай жылы басталғанда айтылған сериал жылжабар тұста екі бірдей мемлекеттік арнадан көрсетіліп, көрермендерге ұсынылды. «Qazaqstan» ұлттық арнасы және «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген сериалдардың тақырыбы, мақсаты бір болғанымен көрермендерге ұлы ақынның бірнеше қырынан көрсете алды.

Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

Бұл туралы әлеуметтік желідегі белсенді азаматтар жақсы да, сыни да пікірлерін білдіріп жатты. Бұл ақын туралы түсірілген алғашқы сериал екенін ескерер болсақ, кісі қуанарлық бастама. Дегенмен, кәсіби бағасын кинотанушылар мен киносыншылар бере жатар.

Абай орталықтары

Жыл басталғалы әлемнің көптеген елдеріндегі Қазақстан елшіліктерінде Абай орталықтар ашылды. Бірнеше мемлекетте ақынның ескерткіші бой көтерсе, тағы бір елдерде Абай атындағы көшелер ашылып жатты. Одан бөлек қара сөздері мен өлеңдері әлемнің бірнеше тіліне аударылып, қайта басылып шықты. Сондай-ақ, елімізде «Абайтану» оқулығын шығару, Абай мектептерін ашу сынды ұсыныстар да айтылды. Сонымен қатар, әдебиет пен өнер саласында берілетін мемлекеттік сылық биылдан бастап «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлық болып өзгертілді.

Абай жылы. «Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе...»

Оның арасында онлайн жүйесінде бірнеше халықаралық, республикалық конференциялар ұйымдастырылып жатты.

Қысқа қайырғанда Абай жылында атқарылған шаралардың бірсыпырасы осылар болды. Бұл жылы біраз қазақ Абай армандаған қазақ болуға ұмтылуы керек екендігін түсінді ғой деп ойлаймын.


Өзгелердің жаңалығы