Абай қаласында жаңа спорт кешені ашылды

8 Маусым 2019, 10:06
5153
Бөлісу:
Абай қаласында жаңа спорт кешені ашылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының Абай қаласында су жаңа денешынықтыру және сауықтыру орталығы ашылды. Әлеуметтік нысаның құрылысына 270 миллион теңге бюджет қаржысы жұмсалған. 

Енді заманауи спорт орталығында қала тұрғындары денсаулықтарын шыңдап, балалар спортта жетістіктерге жетуге ұмтылатын болады.

Абайлықтар жаздың алғашқы күндерін жақсы жаңалықпен қарсы алды. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын сақтап, әртүрлі спорт түрлерімен айналысуларына мүмкіндік беретін жаңа спорт кешені есігін айқара ашты. Заманауи стандарттарға сай салынған денешынықтыру-сауықтыру орталығы күніне 600 адамды қабылдай алады.

Абай қаласында жаңа спорт кешені ашылды

Халық үшін пайдалы әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы арнайы келіп, кешен аймақ тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттырып, бұл жерден жаңа чемпиондар түлеп ұшатынына үміттенетіндігін айтты.

«Абайлықтар спорттық жетістіктерімен, нәтижелерімен үнемі мақтанады. Бұл қаладан көптеген спорт жұлдыздары шыққан. Сондықтан да біз спортты дамытуға, жас абайлықтардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау бағытында жұмыстар жасап жатырмыз. Өткен жылы Абай қаласында жүзу бассейнін салдық. Енді міне бүгін тағы бір жағымды жаңалықпен жиналып отырмыз, қалада жаңа спорт кешені есігін ашты. Жоспар бойынша нысанды желтоқсан айында тапсыру керек болатын. Дегенменде, қала халқының бұл кешеннің ашылуын тағатсыздана күткендігін ескеріп, құрылысты уақытынан бұрын аяқтауға тырыстық. Бұл жерде жаңа чемпиондардың өмірге келетініне сенімдімін», - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Шыныменде, Абай ауданы елімізге спорттық жетістіктерімен жақсы танымал. Бұл жерден облысымызды ғана емес, елімізді әлемге танытқан небір дүлдүл спортшылар шыққан. Солардың бірі – бірнеше дүркін әлем чемпионы, 2012 жылғы Лондондағы олимпиада алтынының иегері, атақты боксшы Серік Сәпиев туған жеріне арнайы ат басын бұрып, жерлестерін айтулы шарамен құттықтады.

«Құрметті жерлестер, баршаңызды денешынықтыру және сауықтыру кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Осы кешеннен үлкен чемпиондар шықсын», - деп жүрек жарды лебізін білдірген Серік Сәпиев спорт орталығының ашылу салтанатына халықтың арнайы шақыртылмағандығын, тұрғындардың әлеуметтік нысанды көруге өздері келгендігін айтып қалды.

«Осындай үлкен, әдемі спорт нысандары жастарды өзіне тартып, спортпен айналысуларына ынталандырады деген ойдамын. Кезінде мен спорттық мектеп ретінде қайта жабдықталған орта мектептің ғимаратында дайындалдым. Ал қазіргі уақытта жастардың заманауи кең залдарда жаттығумен айналысуларына мүмкіндігі бар. Еліміздегі спорт саласының дамып, барлығының жақсыға өзгеріп келе жатқандығына қуаныштымын», - дейді Серік Сәпиев.

Абай қаласында жаңа спорт кешені ашылды

Құрылысына 270 миллион теңге жұмсалған спорт орталығында баскетбол, валейбол, шағын футбол, гандбол, дзюдо, күрес, жеңіл атлетика және тағы да басқа сияқты спорт түрлерімен айналысуға болады. Келушілердің ыңғайлылығы үшін киім ауыстыруға, душ қабылдауға арналған арнайы бөлмелер бар. Жаттығуларды 20 бапкер жүргізеді. Кешеннің бір ерекшелігі, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын сақтауына да жағдай жасалған. Сондай-ақ, орталықта 320 адамға шақталған көрермендер залы да бар. Осылайша кешен қаладағы спорттық-бұқаралық шаралар өткізілетін орынға айналмақ.

«Мұндай денешынықтыру-сауықтыру кешені Абай ауданында бұрын болмаған. Жарыстарды, спорттық шараларды мектептердің спорт алаңдарында өткізетінбіз. Енді міне қаламызда осындай үлкен спорт сарайы ашылып жатыр», - дейді Абай аудандық спорт және денешықтыру бөлімінің жетекшісі Амангелді Нұрмұханов.
Өзгелердің жаңалығы