Бас жаңалықтар
Абай өлеңдері грузин тіліне аударылды
10 Тамыз 2020, 22:32 226

Абай өлеңдері грузин тіліне аударылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңдері 175 жылдық мерейтойына орай грузин тіліне аударылды. Ал Тбилисидегі көшенің біріне хакімнің есімі беріледі. Бұл туралы Грузиядағы Қазақстан елшілігінің facebook-тегі парақшасында жарияланды.

Тбилисиде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атындағы көше ашылатын болды. Тбилиси қалалық жиналысының 2020 жылғы 24 шілдедегі №188 қаулысына сәйкес, Грузия астанасындағы көшеге қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абайдың атын беру туралы шешім қабылданды. Көшенің салтанатты ашылуы жуырда ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, биылғы мерейтойлы жылы хакім Абай алғаш рет грузин тілінде сөйледі. Елшіліктің қолдауымен Абай Құнанбайұлының өлеңдері тұңғыш рет грузин тіліне аударылып, өлеңдер жинағы Тбилисидегі "Мерани" баспасынан басылып шықты, - деп хабарлады Қазақстанның Грузиядағы елшілігі. 
Елшіліктің мәліметінше, Абай өлеңдерін грузиннің белгілі ақыны Илья Чавчавадзе, Анна Каландадзе және Галактин Табидзе атындағы сыйлықтардың иегері, бірнеше өлең жинағының авторы, Грузия Жазушылар одағының төрайымы Маквала Гонашвили аударған. Сондай-ақ, Абай өлеңдері Грузияның әдеби журналдарында басыла бастаған.





Фото: дереккөз
Загрузка...