Бас жаңалықтар
Абай ілімі бүкіл адамзатқа ортақ – ғалым
11 Маусым 2020, 16:56 385

Абай ілімі бүкіл адамзатқа ортақ – ғалым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл бар ғұмырын елінің бүгіні мен ертеңіне елеңдеумен өткізген заңғар ақын, данышпан-ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына - 175 жыл. 

Бұл ұлтымыздың дара да дана тұлғасын ұлықтап, оның халық, ұлт, жалпы адамзат үшін ұшан-теңіз еңбегі мен ізденістерін тағы бір ой елегінен өткізетін кезең деп ой түйеді философиялық ғылымдарының PhD докторы Райхан Досжан.

Осы бастаманы мемлекеттік деңгейде қолдау мен жүзеге асыру аясында жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарық көрді. Мақалада хакім Абайдың өз заманынан озып туған көреген тұлға ретінде ұлт мүддесі үшін озық үлгідегі әлемдік өркениет пен мәдениеттің жетістіктерін меңгеру жолындағы ұстанған бағыты, өз шығармашылығында заман ағымына қарай білім мен еңбектің қандай шешуші рөл атқаратындығы жайлы пайымы, заман қалай ауысса да, тозбайтын адамгершілік заңы мен айнымайтын ақиқат жайлы тұжырымы зерделенген. Ғұлама өзі өмір сүріп отырған ортадағы рухани, әлеуметтік хал-ахуалға объективті тұрғыдан баға беріп, адам бойындағы керенаулық пен немқұрайдылық, мәңгілік құндылық пен уақытша жалған өмірлік құмарлықтардың аражігін ажырата алмау, кереғарлықтың салдарын ғана көріп, себебін бағамдай алмау сынды келеңсіздіктерді сынға алып, қазақ қоғамындағы қордаланған мәселелердің түбірі ретінде білім мен ғылымның кешеуілдеп қалуын, сол кезеңдегі әлемдік өркениеттің жетістіктерінен бейхабар болуын, өзгермелі заман ағымына бейімделу жағының кемшін соғып жатқанын тереңнен толғайды. "Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба" деген өзінің үлгі-өнегелік насихаттарында шынайы адами бақытқа, ұлттық мүдде мен тұлғалық мақсатқа апаратын жол ғылымсыз мүмкін емес екендігіне баса назар аударды, – дейді ғалым. 
Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың бұл пайымына ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын құнды ойтаным екендігіне тоқталып, оның қазіргі қоғамымыздың өркендей түсуі үшін маңызды тұғыр болып отырғандығын атап көрсетеді. Себебі, ХХІ ғасыр бәсекелестік заманы болса, бұл бәсекеде тәуекел етуге кездейсоқ сәттілікке арқа сүйеп топ жару мүмкін емес, замана көшіндегі алдыңғы лектен орын алып, болашаққа бой сермеу үшін озық технология, өркениеттік жетістіктер мен тың ғылыми жаңалықтар қажет. Ал бұл жетістіктер тек сапалы білім мен кемел парасат, елжандылық сынды жарқын болашағымыздың нақты құндылықтары арқылы ғана мүмкін бола алады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың жиырма бесінші қара сөзіндегі: "Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды", - деген өсиетіне арнайы тоқталып, хакімнің бұл ұстанымының қашанда өзектілігін жоймайтындығын, ХІХ ғасырда пайымдалған даналық тұжырымдарының қазіргі кезеңде орын алып отырған қоғамдық, жаһандық үдерістер мен үрдістерге қаншалықты қатыстылығын, ақынның толғауларының замана ауысса да, көкейкестілігін жоғалтпауының сыры оның ақыли көрегендігі мен дер кезінде дәуір ауанын тап басып түсіне білуінде екендігін қазіргі адами қоғамның бағдарын мысалға ала отырып, еліміздегі руханияттық ұстаным идеологемаларының бірі екендігін паш етеді. Себебі, ХХІ ғасыр ақпараттық қоғамдағы интеграция мен ғылыми жаңалықтар заманы болса, жаһандық көшке ілесу мен әлемдік үдерістер дүрмегінде алдыңғы қатардан көріну үшін өркениетті елдердің ғылымы мен білімін, технологиясы мен өркениет жетістіктерін игеру, тәжірибе алмасу сынды ұтқырлыққа қол жеткізу жолында полиглот болу, жаңа, соны ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстардан хабардар болу, әлемдік озық тәжірибе жетістіктерінен үйрену - басты міндеттердің бірі болып отыр. Бұл орайда, тіл білу – өркениеттілік көшінен қалмаудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, Президент өскелең ұрпақтың алдымен, өз ана тілін білуі мен құрметтеуін, сондай-ақ халықаралық қатынастар тілі болып табылатын ағылшын тілін меңгеруін заманауи өмірмәнділік қажетті қағида деп көрсете келе, бұған Абай айтқан ұлт игілігіне әкелер қажырлы іс-әрекеттердің бастамасы мен кепілдігі ретінде қарайды. 

"Ғылым таппай мақтанба" деген өлеңінде:
"Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз", - деп жырлаған Абай адамға зиянынан басқа пайдасы жоқ теріс қылықтардан аулақ болуға шақырады. Адамзаттың саналы тіршілік иесі ретінде өмірлік мұраттары мен мақсаттары қашанда адам деген ұлы атқа лайықты болуы – өзінің "Адам бол!" императиві негізінде аянбай еңбек ететін болса, сол еңбектің жемісті де, нәтижелі болуы ақыл-ой мен парасатқа негізделген аһлақ, әдеп және ғылыми ізденісті басшылыққа алуымен байланысты шарт екенін ойшыл терең түйсінді, – дейді Райхан Қазбекқызы. 

 Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайды ғалым-ойшыл, ұлттық әдебиетіміз бен философиямызды дамытушы, қоғамдық үдерістер мен үрдістерді таразылауда қазақ қоғамының әлеуметтік сыншысы, қазақ әдебиетінің классигі, жалпы гуманист ретінде тек қазақ ұлты үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл адамзат үшін дара тұлға екендігін аталған мақала деңгейінде саралап береді.

Загрузка...