Абай 175: Әр қазақ біліп, қастерлесе...

28 Қаңтар 2020, 19:01
3006
Бөлісу:
Абай 175: Әр қазақ біліп, қастерлесе...
PHOTO
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Абай әдеби орталығы ашылды.

Әдеби орталық ұлы ақынның мұрасын көпшілікке насихаттау мақсатында ашылып отыр. Үш бөлімнен тұратын орталықтағы кітап көрмесінде хәкім Абайдың балалық шағы, өмірі жолы, Ұлы ғұламалардың Абайға арналып жазған дәйек сөздері, мақалалары, зерттеулері топтастырылған.

IMG-20200128-WA0002.jpg


 

Ендігі мақсат – Абай еңбектерін байыппен түсіне оқып, уағыздау. Абай туған өлке түлесе, тағылымы, көрсетері, айтары бар кешендер, ғимараттар салынса, деректі фильмдер, сериалдар түсірілсе, ғылыми-практикалық конференциялар өтіп, оларда айтылған пікірлер кең таратылса-ол бүгінгі оқырман мен көрерменге керемет қазына болмақ. "Әр шаңырақта домбыра, Абайдың шығармалары, Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романы тұрсын" деген ойды кім қолдамас? Өкінішке орай, бүгінгінің бірқатар адамы бұл шығармалармен үстірт қана таныс-ау. Мүлдем оқымағандар да бар шығар... Ал жаңағыдай шаралар өтсе оқымаған адам өз олқылығын түсініп, ұлы ойшыл-ақынға ден қояр еді, - дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова. 

Әдебиетшілердің пайымынша, еліміздің әр азаматы Абай ілімін біліп, Абай ойларын зерделеп, санасында ұстаса президент айтқандай, Абай өсиет-өнегесі 21 ғасырдағы жаңа Қазақстанды жаңа биіктерге жетелемек.

IMG-20200128-WA0006.jpg


 

 

Әлемде ғажайып шығармалар, туындылар баршылық қой. Әрқайсысы әртүрлі жағдайда қолдау, көмек болары даусыз. Махамбет жігеріңді жаниды, қайрайды, Мұқағали өмірдің әр сәтінің ғаламат сұлулығын ұғындырады дегендей. Ал, Абай ше? Абай тұнған ақыл, сабыр, тереңдік, байып. Дүниенің қай түкпіріндегі болмасын адамзат баласы Абайды оқыр болса оның ойының шыншылдығына, дұрыстығына, өресіне қайран қалары сөзсіз. Біз, әрине, осындай дана ақынымызды мұқият оқып, түсініп, зерделеп, мақтан тұтуымыз керек. Осы орайда жарияланған президент мақаласы жұртымызға үлкен бағдар берер, ой тастар, өрге жетелер өрелі еңбек. Оның мәні мен мағынасы, мақсаты әсіресе жастарға кеңінен жеткізілуі керек деп ойлаймын, - дейді филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек.
 

Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар Абай еңбектерінің маңызы мен құндылығын сөз етті.
 

IMG-20200128-WA0008.jpg


 

 

Бұл күндері жұртшылық "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты ғажайып еңбегін қызыға оқып, егжей-тегжейлі талқылауда. Соның бірі өзім жасымның егде тартқанына қарамастан мақаланың бес тақырыбын да талдай оқып, өте қарапайым да түсінікті етіп жазылғанына тәнті болдым. Жалпы, біз Абай өлеңдері мен сөздеріне өзімізді сусындап өскен адамдардай сезінетін болсақ та, бұл мақаланы оқығанда Абайды, Мұхтар Әуезов шығармаларын қайтадан оқу ниетінде болдық. Себебі, олардың ой-сезімдері мен маңыз-мәнінің кілті қолымызға жаңа тигендей болды. Өмір сүріп отырған ортамыздың қай саласында болмасын Абай еңбектерінің маңызы зор. Әсіресе, адал еңбек ету, адамды сүю, ел, ағайын бірлігін сақтау, өзіңнің өмір сүріп отырған ортаңды қадірлеу, жалған, өтірік айтпау, ұлттық сана-сезімімізді дамыту сияқты, басқа да құндылықтарымызды сақтау, молайту, қысқасы Абайдың ұлы тұлғасын, "толық адам" ілімін осылар арқылы жеткізуді қолға алуымыз қажеттігі туындап отыр, - дейді еңбек ардагері Айдос Әбутәліпұлы.
 


 

 

Өзгелердің жаңалығы