Абай-175. Ақын театры мерейтойға дайын болады

8 Сәуір 2020, 00:12
1366
Бөлісу:
Абай-175. Ақын театры мерейтойға дайын болады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семей қаласына жұмыс сапарымен атбасын бұрған өңір басшысы Даниал Ахметов құрылысы қарқынды жүріп жатқан бірнеше нысанды аралап қайтты.

Сапар барысында облыс әкімі "Adal" дүкендер жүйесінің және Абай театры мен Орталық саябақтың қайта жөндеу жұмыстарын көзімен көріп қайтты. Бірінші кезекте сауда супермаркетіне тізгін тартқан ол, нысанның жұмысына оң баға берді.

Семей қаласындағы "Adal" супермаркеті мен "Adal-фарм" дәріханалары 2 сәуірден бастап қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті деген тауарларын жеткізе бастаған болатын. Ол үшін аталған санаттағы азаматтар 52-12-12 байланыс нөміріне қоңырау шалып, тапсырыс берсе болғаны, Жастар ресурстық орталығының еріктілері мекен-жайлар бойынша тапсырыс пакеттерін жеткізіп отырады. Тапсырысты аптасына бір рет беруге болады. Call-орталықтың мамандары тапсырысты таңғы сағат жетіден бастап кешкі 19.00-ге дейін, күн сайын қабылдап отыр. Жалпы, екінші сәуірден бергі уақыт аралығында аталмыш орталықтың мамандары 1200-ден астам тапсырысты қабылдап, орындаған.

Абай театрында жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Театр директоры Яков Горельниковтың айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айында бөлінген қаражатқа нысанның бірінші қабатындағы театр актерлерінің суреттері ілінген стендтер жаңартылып, ағарту және сырлау жұмыстары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі жүйелері күшейтілген. Сондай-ақ заманауи дыбыс және жарық аппаратуралары сатып алынған.

Мұндай күрделі жөндеу біздің театрымызда болмағанына көп болды. Ағымдағы және косметикалық жөндеумен ғана шектеліп келгенбіз. Енді ғимаратты үлкен өзгерістер күтіп тұр. Биыл театрды күрделі жөндеуден өткізу үшін қажетті сома бөлінді. Шатыр жөнделіп, қасбеті қалпына келтіріледі, баспалдақтар қайта жөнделіп, театр аумағы абаттандырылады. Жөндеу жұмыстарын облыс және қала әкімі, мәдениет басқармасы қатаң бақылауда ұстап отыр. Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты негізгі шаралар осы театрда өтетіндіктен, біз барлығына дайын болуымыз керек. Сонымен қатар, театрдың екінші қабатындағы кіреберіс және көрермендер залдары үлкен өзгеріске ұшырайды. Абайдың мерейтойында театр әртістері су жаңа сахнада қойылым қойып, күрделі жөндеуден өткен гример кабинеттерінде киінетін болады, - деді Яков Горельников.

Қазіргі уақытта, театрдың шығармашылық ұжымы елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты кезектен тыс демалыста. Дегенмен, мұнда жұмыс тоқтаған емес. 15 күннен кейін көрермендер «Ревизор» қойылымын онлайн көретін болады.

Театрдың бояу түрлері гаммасына ерекше мән беру керектігін айтқан облыс әкімі нысанды түрлі түстермен әрлеудің қажеті жоқ екенін алға тартты.

Қарапайым түстерді жиі қолданыңыздар. Кіші-гірім нәрселерге, атап айтсақ, жақтауларға, металл қоршауларға көбірек көңіл бөліңіздер. Біз мұнда халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткіземіз, сол себепті дизайн мәселесі жақын арада шешіледі деп ойлаймын, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Келесі кезекте Орталық саябақтағы қайта жөндеу жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы болашақта салынуы көзделген жаяу жүргіншілер көшесін де көріп қайтты. Мәңгілік ел көшесінің Ибраев және Жастар көшелерінің арасындағы 300 метрлік аралығын қамтитын Арбат 1 шілдеге дейін толық ақталмақ.

Адамдар өзгерістерді сезінуі тиіс. Ол үшін заманауи дизайн керек. Барлық жұмыстар 1 шілдеге дейін ақталуы тиіс, - деп қосты өңір басшысы.

Сапар соңында бұқаралық ақпарат өкілдеріне сұхбат берген ол өңір тұрғындарын каратиндік шектеулерді мұқият сақтауға шақырды.

Балаларымыз бен немерелеріміздің өмірлерін сақтағымыз келсе, өз-өзімізді оқшаулау шараларын қатаң сақтауымыз керек. Автокөліктер санының азайғанын көріп қуанып отырмын. Дегенмен оны әлі де азайтқан жөн. Ол үшін бұған әр тұрғын үлес қосуы керек. Біз таңдаған әдіс оқшаулаудың ең тиімді түрі. Сол себепті талаптарды қатаң сақтаңыздар, сонда ғана біз коронавирус індетін жеңе аламыз, - деді Даниал Кенжетайұлы.

Өзгелердің жаңалығы