Абай-175: Қарағандыда көрме ұйымдастырылды

28 Қаңтар 2020, 09:03
1794
Бөлісу:
Абай-175: Қарағандыда көрме ұйымдастырылды
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.kz тілшісі. Қарғанды облыстық бейнелеу өнері музейінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналаған "Дана Абай, дара Абай" атты көрме өтті. Көрмеде Абай Құнанбайұлының музей қорындағы 40-тан астам портреттері мен ақынның шығармаларына арналған кескіндемелік және графикалық туындылар қойылды. 


Ағымдағы жылдың басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласын жариялады. Онда: Абай Құнанбайұлының ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғандығын, Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланғанын атап өтті. Биыл ұлы ойшыл, әлем таныған кемеңгер Абайдың туғанына 175 жыл. Осыған орай музей қорынан М. Қалкабаев, Л. Смирнов, А. Омарова, Ж. Балкенов сияқты суретшілерінің туындыларын көрермен назарына ұсынып отырмыз. Аталмыш көрмеде Т. Кеңесбаевтің графикалық, В. Шамшиннің кескіндемелік Абай порттерінен бөлек, ақынның шығармаларына арқау болған тақырыптарды ашатын өнер туындыларын көруге болады, – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Назерке Жартын. 

 
"Өлмейтұғын артына сөз калдырған" ұлы Абаймен жақынырақ танысып, оның әлемдік деңгейдегі шығармаларын көзбен көру арқылы түсінуге тырысқан қарағандылықтар мұражайға ағылды. 


Ақын 170-ке жуық өлеңін мұра етіп қалдырып, ең маңызды өлеңдерін 40 жасынан бастап жаза бастаған екен. Абайдың сарқылмас шығармашылық тапқырлығы, оның қолынан шыққан кемеліне келген, көркемдік бітімі жағынан мүлтіксіз өлең үлгілерінің көптігі және әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын, жаңаша сипатты дүние болып келетіні белгілі. Біз 2020 жылдағы алғашқы көрмені Абай Құнанбайұлына арнадық. Мұражайды қорындағы Абайдың портреттері мен оның шығармаларын сипаттайтын туындылар көрерменнің көңілінен шықты. Көрмені тамашалауға қала тұрғындарымен қатар, студенттер, мектеп оқушылары көптеп келді, – дейді мұражай қызметкері. 

 
Н.Жартынның айтуынша көрме жыл бойы қайталанып отырады және мұражай қызметкерлері мектеп оқушыларына ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашалығына арналған музей сабақтар өткізетін болады.

Өзгелердің жаңалығы