Абай-175: Абай үйірмесі әр мектепте болуы тиіс – директор

7 Маусым 2020, 16:54
3566
Бөлісу:
Абай-175: Абай үйірмесі әр мектепте болуы тиіс – директор
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Арыс қаласында И.Журба атындағы орта білім беретін мектепте арнайы "Абай бұрышы" ашылған. Аталған мектепте Абай үйірмесі бұрыннан жұмыс істеп келеді. Биыл ұлы ақынның 175 жылдығына орай мектеп директоры Әбдісаттар Жүніс ақынға арналған бұрышты одан сайын жандандыра түскен.

Мен ұстаз болсам да шығармашылыққа бейім адаммын, бір-екі кітабым жарыққа шыққан. Мектебімізде Абай үйірмесі бұрыннан бар. Осындай үйірме мен "Абай бұрышы" міндетті түрде әр мектепте болуы тиіс деп ойлаймын. Біз мұнда Абай оқуларын өткіземіз. Ақынның шығармаларын жатқа айту, Абайдың қара сөздерін оқу, оны талқылау, талдау, жас ұрпаққа тыңғылықты түрде насихаттау – басты мақсатымыз. Үйірмені мектебіміздің арнайы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ізденімпаз жас мұғалімдерге бекітіп қойғанбыз, - деді Әбдісаттар Сағатұлы.
Айтуынша, И.Журба атындағы мектеп былтыр Арыстағы жарылыстың салдарынан қатты қираған. Жөндеу жұмыстарынан кейін мектеп бұрынғысынан да жаңарып, материалдық-техникалық базалармен жаңара түскен. Кіреберіске мектеп директорының идеясымен Apple Inc құрушысы Стив Джобс пен Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукербергтің көрнекі суреттерімен безендірілген. 

photo_2020-06-07_16-04-03 (4).jpg

Қазіргі жастарды осындай үлкен жетістікке жеткен өз заманының танымал тұлғаларымен шабыттандырған дұрыс деп есептейді ол.

photo_2020-06-07_16-04-03 (3).jpg

Мектеп жаңарғаннан кейін былтыр біз "Абай бұрышын" аштық. "Абай оқулары" жалпы ақынның ескерткішінің жанында немесе "Абай бұрышында" өтуі керек. Мектебімізде "Абай оқуларынан" бөлек, Шәкәрім оқулары мен Мағжан оқулары да өткізіліп тұрады. Төтенше жағдай жарияланбай тұрып, "Абай дана, Абай дара" тақырыбында ұстаздар арасында мектепішілік байқау өткіздік. Сондай-ақ, Арыс қалалық білім бөлімі мен кәсіподақтың ұйымдастыруымен қалалық сайыс болып өтті. Сол сайыста біздің мектептің мұғалімдері Шолпан Бостанова мен Ләззат Еркіновалар жүлделі орындарды жеңіп алды. Олар оқушыларға сапалы білім беріп жүрген жас мұғалімдер, - деді ол.
photo_2020-06-07_16-04-03 (5).jpg

Мектеп директорының сөзінше, ақын Абайдың 175 жылдығына қатысты арнайы жоспар жасалған. Сол бойынша мектепте тәрбие сағаттары, дөңгелек үстелдер, кітапханада оқырмандар конференциясы ұйымдастырылған.

Мектебімізде оқушылар қашықтан оқуға кеткенге дейін әр апта сайын Абай бұрышында "Абай оқулары" жүйелі түрде өтіп тұрды. Ал үйірмеге шығармашылық пен гуманитарлық пәнге бейім оқушыларды тартып отырдық. Енді Абай оқуларын күзге қарай жаңа оқу жылында да қайтадан бастаймыз, - деді мектеп директоры Әбдісаттар Жүнісов.


Өзгелердің жаңалығы