Абай-175: 700 бала Абай әндерін орындады

30 Қаңтар 2020, 17:34
2694
Бөлісу:
Абай-175: 700 бала Абай әндерін орындады
VIDEO

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ұлы ақынның "Көзімнің қарасы", "Желсіз түнде жарық ай" әндерін хорға тұрып орындады.

Олар өздеріне әлеуметтік желі арқылы #Абай175 хэштегімен жеткен хорда ән айту эстафетасын жергілікті лицей оқушыларынан қабылдапты.

Абай атамыздың "Көзімнің қарасы" атты әнін әр қазақстандық білуі тиіс. Бұл эстафета мектептермен шектелмей мекеме-кәсіпорын ұжымдары арасында жалғасын тапса, қандай ғанибет. Біз өзіміз қабылдаған ұсынысты орындау үшін арнайы дайындық шараларын мүлдем жүргізген жоқпыз. Тек оқу ордасының алдына шығып ән айтатынымызды бір-бірімізге айттық. Үлкен үзіліс уақытында осы бір тамаша әнді қатарынан үш рет шырқадық. Бәрімізге ұнады, - дейді осы мектептегі "Өзін-өзі басқару" ұйымының президенті болып табылатын Рауан есімді оқушы.
Ақтаулық жас зияткерлер ендігі эстафетаны Қарақия ауданындағы Жетібай кентінің №8 жалпы білім беру орта мектебі, Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласының мектеп-лицейі мен Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жолдап отыр.

НЗМ директорының орынбасары Алтынзер Ықсанованың айтуынша, білім ордасында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аясында өткізу жоспарланған іс-шаралар өткен оқу жылынан бері жалғасып келеді.

Биылғы мерейтойлы жылда "Адамның бір қызығы бала деген" атты сахналық қойылымдарды оқушылардың отбасы мүшелерін қатыстыру арқылы өткіземіз. Осы арқылы тек баламен ғана жұмыс жасап қана қоймай, оның жанұясына ұлы ойшыл, ақын Абайдың шығармаларын кеңінен насихаттауды көздейміз, - дейді ұстаз.

Өзгелердің жаңалығы