ШҚО-да әлеуметтік нысандарды дамытуға арналған қаражат толық игерілді

15 Сәуір 2019, 08:35
1944
Бөлісу:
ШҚО-да әлеуметтік нысандарды дамытуға арналған қаражат толық игерілді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда 16 миллиард теңге қаражат денсаулық, білім және спорт нысандарын дамытуға бағытталған. Бұл жөнінде облыстық Мәслихаттың кезекті ХХІХ сессиясында депутаттар алдында есеп берген ШҚО Қаржы басқармасының басшысы Қайрат Ерембесов хабарлады.

«Облыстағы денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандарын дамыту мақсатында облыстық бюджеттен 16 миллиард теңге бөлінді. Аталмыш қаражатқа Өскемен қаласында салынып жатқан 200 орындық аурухананың құрылысы жалғасып, бір емхананың қайта жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ екі мектеп құрылысы жүргізіліп, облыс орталығының Согра тұрғын ауданындағы №23 мектепке қосымша корпус салу жұмыстары жалғасты», - деді Қайрат Ерембесов.

Сонымен қатар бөлінген қаражаттың бір бөлігі Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында бой көтерген «Абай-Арена» спорт кешеніне жұмсалған. Естеріңізде болса, біз бұған дейін халықаралық стандарттарға сай салынып жатқан «Абай арена» спорт кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталатыны жөнінде айтып кеткенбіз. Жалпы ауданы 12,4 гектар аумақты алатын «Абай арена» кешенінің құрылысы облыс әкімінің жеке бақылауына алынған. Былтыр басталған кешен құрылысына ай сайын атбасын бұрып тұруды әдетке айналдырған өңір басшысы Даниал Ахметов құрылыс жұмыстарының әрі кеткенде желтоқсан айында толық аяқталатынын уәде еткен болатын.

Қоса кетсек, бес мың адамға арналған кешенде ұзындығы елу метрлік, сонымен қатар синхронды жүзуге арналған 20х21 метрлік екі бассейн болады. Бұдан бөлек онда балаларға арналған көптеген мәдени-спорттық нысан мен бес кинотеатр ашу көзделген.

Өзгелердің жаңалығы