Атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасын әлі де жетілдіру керек – көпбалалы ана

26 Қыркүйек 2019, 09:01
5900
Бөлісу:
Атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасын әлі де жетілдіру керек – көпбалалы ана
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Атаулы әлеуметтік көмек жақсы ойластырылған, алайда оны әлі де жетілдіру керек. Бұл туралы тоғыз баланың анасы Гүлбахрам Балтыкенова BAQ.KZ тілшісімен тілдесу кезінде айтты.  

Алматы қаласының тұрғыны Гүлбахрам Балтыкенова мамыр айынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті ала бастаған. Алайда, тамыз айынан бастап 9 балаға берілетін жәрдемақы тоқтап қалған. 

«9 балама 186 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Дегенмен тамыз айынан бастап ол да тоқтап қалды. Нұр-Сұлтан қаласындағылар жібердік дейді, жергілікті атқамінерлер Астана береді деп, бір-біріне сілтеп жатыр. Білмеймін, жыл соңына дейін төленеді деп жатыр. Дәл күз кезінде жәрдемақының тоқтап қалғаны ауыр тиді, әсіресе балалар сабаққа баратын кезде қатты қиналдық, үйде 6 бала сабаққа барады», - деді көпбалалы ана. 

Гүлбахрам атаулы әлеуметтік көмекке сәуір айында құжаттарды толықтай жинап өткізгенін айтады. Ең кішкентай баласы екі айға толған, үлкені 16 жаста, қазір колледжде оқиды. 12 жастағы тағы бір баласы арнайы интернатта оқиды, оның мүгедектігі бар. Ал күйеуі жанармай бекетінде май құюшы болып жұмыс істейді екен. 

«Атаулы әлеуметтік көмек шықпай тұрып, біз аз қамтылған отбасы ретінде құжат өткізген едік. Ол кезде мүгедек балаларың бар, мемлекеттен ақша алып отырсыңдар дегендей сылтау айтып, бізді жәрдемақыдан қағып келді. Кейін Елбасы әр балаға әлеуметтік көмек төленсін деген соң, біз осы көмекке қол жеткіздік. Яғни, мамыр айынан бастап АӘК ала бастадық, кейін оларда әртүрлі былықтар шығып, тоқтатып тастады. Жалпы, бұл бағдарлама жақсы ойластырылған, алайда оны әлі де жетілдіру керек сияқты. Өйткені жағдайы жақсы адамдар да осы көмекті алып келді деген сөздер шықты. Соған қарағанда әркім өз танысына АӘК тағайындап жіберетін сияқты, ал көмекке нағыз мұқтаж жандар сырт қалуда. Яғни, көмекке зәру адамдардың көбінің тұрғылықты тіркеуі жоқ немесе басқа да құжаттары жетіспей қалады», - деді Гүлбахрам Балтыкенова.

Көпбалалы ана АӘК айналасындағы кейбір келеңсіздікке байланысты көптеген ана митингтерге шығып жатыр деген ойда. Дегенмен, өзі шағым айтып, ешқайда барып көрмегенін, тіптен бос уақытының жоқ екенін айтады.

«Қазір көпбалалы аналар қайта-қайта наразылық танытып, митингке шығып жүр. Бұл жерде тағы да айтамын, үкімет адамдары түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек сияқты. Әйтпесе, оларды бірі анда, бірі мында жіберіп сандалтып қойды. Содан келіп наразылық танытады. Бәріне дұрыстап түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. «Мұнда келе бермеңдер, осы бір жерден бәрін әзірлейміз», дейтіндей бір механизм керек. Одан кейін атаулы әлеуметтік көмек балаға деп арналған соң соны балаға беру керек қой. Бізде отбасының табысын, тағы басқасын есептеп әбігерге салады. Балаға деп аталған соң балаға берілу керек деп ойлаймын. Егер аналар баласына берілетін ақшаның нақты түсетініне сенімді болса, әр есікті қағып жүрмес еді», - деді ол. 

Көптен бері үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыға көктем кезінде қала әкімдігі Наурызбай ауданынан екі бөлмелі пәтерді табыс еткен. 

«Біз 2015 жылдан бері көпбалалы отбасы ретінде үй кезегінде тұрған едік. Жыл басында көпбалалы аналардың толқуы басталған кезде бізге әкімдіктен хабарласып, 58 шаршы метрлі екі бөлмелі пәтер беретіндерін айтты. Енді жаңа үйге көшіп барамыз деп қатты қуандық! Кейін пәтерді барып көрсек, ол әлі бітпеген екен, тек бос қабырғалары ғана тұр. Оның ішін бөліп, әрлеу жұмыстарын жүргізу қажет. Оған жөндеу жұмыстарын жасайтын бізде қазір қаражат жоқ. АӘК-ті берсе жартысын соған құямыз ба деп ойлағанбыз, алайда оны да тоқтатып тастады. Әкімдіктегілер демеуші іздеп тап дейді. Қазір туысымыздың пәтерінде тұрып жатырмыз, оның да балалары өсіп келеді, ертең үйді босат деуі мүмкін. Сондықтан пәтерімнің жөндеу жұмыстарын тездетіп бітіруіміз керек», - деді Гүлбахрам Балтыкенова.

IMG-20190925-WA0002.jpg

Сөз арасында ол екі егіз баласы бар екенін, алайда оларды балабақшаға орналастыра алмай отырғанын жеткізді.

«Менің екі егіз балам бар, өткенде әкімдіктегілер «балабақшаға беріңіз, бәрі тегін» деген соң барсам, маған қаланың басқа шетіндегі ауданға жібереміз дейді. Кішкентай балаларды күнде әрі-бері 2-3 сағаттық жолмен тасып жүре алмаймын ғой», - деді көпбалалы ана.

Өзгелердің жаңалығы