Бас жаңалықтар

Ағылшын тілінде тесті үздік тапсырған оқушы шетелдік білім грантын иеленеді

Астана, BAQ.KZ. Республика бойынша 2019 жылдың 18 қаңтарында сағат 9:00-де оқудың ақылы бөліміне түсушілер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. 18-20 қаңтар аралығында 35 838 талапкер сынаққа қатысады. Оның ішінде 61-і білімін ағылшын тілінде сынайды. Бұл туралы ҚР БҒМ Баспасөз қызметі хабарлайды.

ҰБТ-ны шет тілінде тапсырушылар санының артуына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қызығушылық танытты. Осыған орай, тестіленушілерге ынталандыру ретінде жоғары балл жинаған оқушыны шетелдік ЖОО-ға грантқа түсірмекші.

ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшысы Жанболат Мелдешов тесті ағылшын тілінде үздік тапсырған талапкерге грант бөлуге дайын екендігін айтып, бірқатар шетелдік серіктес ЖОО-ларды белгіледі.

2019 жылдан бастап қазақстандық мектептердің түлектері ҰБТ-ны төрт рет тапсыруға мүмкіндік алды. Бұл бастаманың мақсаты - мектеп бітірушілерге ЖОО-ға түсу мүмкіндігін арттыру. Оқушылар ҰБТ-ны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тапсыра алады. Биыл 61 талапкер тесті ағылшын тілінде тапсыруға бел буды (салыстырмалы түрде: жазғы ҰБТ – 2018 кезінде, тек, 25 оқушы ағылшын тілінде тапсырды).

«Жалпы, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік өте көп. Биыл шетелдік ЖОО-лар біздің азаматтарға 40 000 грант бөлуге дайын. Бұл – әр талапкердің тегін білім алуға мүмкіндігі бар деген сөз. Мектеп түлектері ҰБТ сертификатымен қазақстандық ЖОО-ларға ғана емес, шетелдік оқу орындарына да түсе алады. Мысалы, Түркия жоғары оқу орындарына біздің сертификатымызбен түсе алады. Ол үшін ағылшын және түрік тілдерін білуі керек», - дейді Ж. Мелдешов.

Соңғы жылдары ағылшын тілінде білім беру қарқынды дамып келеді. Кейбір қазақстандық мектептерде ағылшын тілінде пәндер енгізілген. Ағылшын тілінде тест тапсырудың басты мақсаты – шетелдік ЖОО-ға түсуге деген ниет. Бұл сұрақ бойынша талапкерлерге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» көмектесуге дайын. 

 

Сізден жаңалық