Қақтығыс алаңында өлім жайлы ойламайсың - Түрік журналисі Өзгір Йорул

12 Қыркүйек 2019, 19:18
1749
Бөлісу:
Қақтығыс алаңында өлім жайлы ойламайсың - Түрік журналисі Өзгір Йорул

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Astana Media Week шарасында түрік журналисі Өзгір Йорул дәріс оқып, отандық тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Түркияның IHA (Ihlas Haber Ajansi) жаңалықтар агенттігінің өндіріс жөніндегі директоры Өзгір Йорул "Әлемнің қақтығыс алаңдарынан жаңалық тарату" тақырыбында баяндама жасады.

"Ihlas ақпарат агенттігінің негізі Түркияда, Стамбұлда 1993 жылы қаланды. Агенттіктің репортерлері мен тілшілері әлемнің 40-тан астам елінде жұмыс істейді. Ал 2019 жылғы жағдай бойынша, агенттіктің 140 кеңсесі бар. Соңғы 25 жылда 518 мыңнан астам фото, видео материал, 3 миллионнан астам жаңалық жасалған. Олар цифрлық форматта сақталған. Агенттіктің 1200-ден астам қызметкері бар. Мен өз салам бойынша айтсам, біз көптеген елде орналасқан студияларымыздан тікелей эфир жүргіземіз. Біз мобильді аппаратураның, техниканың көмегімен оқиға орнынан тікелей трансляция жасаймыз. Негізінен қақтығыс алаңдарынан ақпарат таратамыз. Қақтығыс алаңдары дегеніміз негізінен жағымсыз оқиғалармен байланысты. Біз шиеленіс болған жерлердің барлығынан ақпарат бердік", - деді Өзгір Йорул.

Ол сондай жерлерде қайғы-мұң сезілетінін, адамдардың азап шегетінін айтты.

"Әрине, бізге де осы оқиғалар әсер етеді. Біз Индонезия, Ауғанстан, Ирак, Палестина, Ливия, Сирия және тағы басқа елдерден ақпарат тараттық. Мен агенттікте жұмысымды оператор ретінде бастағанмын. Түрлі қақтығыс алаңдарында жұмыс істегеннен кейін қызметім де өсті. Біз оқиға орнында бәсекелестерімізден бұрын болуымыз керек. Қазір ақпарат тарату техникалық жағынан біршама жеңілдеді. Мен бұл жұмысымды бар жүрегіммен істеймін. Қаупі жайлы көп ойлана бермеймін. Бір жаңалық естіп қалсам, сол жерге барғым келіп тұрады. Қақтығыс орындарында өлемін деп, жалпы өлім туралы ойламайсың. Мен отбасылы адамдарды бұндай алаңдарға көп жібермегенді қалаймын. Себебі қауіпті жерлерде белгілі бір адамдар ғана жұмыс істейді. Кейде әріптес достарымыздан айырылып қаламыз. Біз сияқты тілшілер азайып келеді. Бірақ көрермендер көргісі келеді, ал біз журналист ретінде оларға бұл ақпаратты, жаңалықты ұсынғымыз келеді", - деді ол.

Өзгір Йорул "әлемнің қақтығыс алаңдарынан таратылып жатқан мәліметтер қаншалықты рас? Тәжірибеңізде кейбір оқиғаларды көрсетпей, кейбір мәліметті жасырып, керісінше әсерлеп айтуға тура келген сәттер болды ма?" деген сұраққа да жауап берді. Ол "әртүрлі репортерлер жұмыс істейді. Біз - журналистер, рас ақпаратты, рас жаңалықты таратуға міндеттіміз" деп жауап қатты.
Өзгелердің жаңалығы