Ақтауда сот мәселелері бойынша көшпелі отырыс өтті

21 Маусым 2019, 15:13
1275
Бөлісу:
Ақтауда сот мәселелері бойынша көшпелі отырыс өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасының соттарын жаңғырту мәселелері бойынша көшпелі отырыс өтті. Бұл туралы Мәжілісінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Отырыстың негізгі мақсаты - тәуелсіз және тиімді сот төрелігін құруға бағытталған түбегейлі өзгерістерді талдауға арналды. 

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев бастамашылық еткен сот жүйесін жаңғырту, сот кадрларын сапалы дамыту мен жаңару, судьялар тәуелсіздігі кепілдіктерінің күшеюі және судьяларға заңсыз ықпал етуді жою, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша заңнамалық актілерге маңызды өзгерістер мен толықтыруларды кейінгі жылдары еліміздің Парламенті қабылдағаны жөнінде ерекше атап өтті», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, «Nur Otan» партиясының жанындағы Құқықтық кеңесінің жетекшісі Нұрлан Әбдіров. 

Сонымен қатар, Н. Әбдіров нағыз құқық үстемдігін қамтамасыз ету кез келген сот-құқықтық жүйенің маңызды мақсаты екені туралы айтты. 

«Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша соттар жұмысының заманауи форматтарын және озық электрондық сервистерді енгізу, сот жүйесі кадрларын сапалы дамыту және жаңару бойынша жұмыстар жалғастырылып жатыр», - деді депутат. 

Сондай-ақ, халықтың соттарға деген сенімнің деңгейін көтеру - соттардың таяу уақыттағы басымды мақсаты ретінде бекітуі ұсынылды.
Көшпелі отырыс барысында сот жүйесінің одан әрі дамуы, сот іс жүргізуді жетілдіру аясында заңнамалық жаңалықтардың практикалық маңызы, алқабилер институтын және тергеу судьялардың қызметін одан әрі жетілдіру, соттардың құқық қолдану қызметін жетілдірудің мәселелері және болашағы, қылмыстық сот іс жүргізуде заңнамалық жаңалықтарды қолдану тәжірибесі, судьяның тәуелсіздігі қағидаты және қылмыстық іс бойынша басты сот талқылаудың шектері, Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жобасының өзектілігі және тағы басқа мәселелер талқыланды.   

Отырыста сот жүйесін дамыту, соттардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту, цифровизация және электрондық іс жүргізуді енгізу, сот төрелігін жүргізудің ашықтығы мен тиімділігі, азаматтардың сот төрелігіне кедергісіз қол жеткізу сияқты бірқатар көкейкесті мәселелер көтерілді. 

Іс-шараға Жоғарғы Сот алқасының төрағасы және судьялары, облыстық соттардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының төрағалары (бейнеконференция), сондай-ақ, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстық, қалалық, мамандырылған соттардың судьялары, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ішкі істер және әділет министрліктері, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілдігі, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің өкілдері, қазақстандық құқықтанушы-ғалымдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.     

Көшпелі отырысының нәтижелері бойынша қатысушылармен Қазақстанның сот жүйесін жаңғырту саласында нақты ұсыныстарды қамтитын ұсынымдар әзірленді.

Өзгелердің жаңалығы