Бас жаңалықтар
Ақтау әуежайында "Адалдық дүкені" ашылды
21 Наурыз 2019, 13:16 642

Ақтау әуежайында "Адалдық дүкені" ашылды

Астана, BAQ.KZ.  Ақтау халықаралық әуежайында Наурыз мерекесі қарсаңында, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасының аясында «Адалдық дүкені» ашылды. Әуежайдағы мұндай дүкен республика бойынша алғаш ашылып отыр.  


Аталған шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасының тең кураторы Нұргүл Жанназарова, әуежай басшылығынан Ерғазы Жолдасов, терминал қызметкерлері және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға өзінің үлесін қосып, дүкенді ашуға қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Маусым Қойлыбаева қатысты.

Енді әуежайдағы сатушысыз дүкенде кез келген жолаушы арнайы төлем жәшігіне ақшасын қалдырып, қалаған нәрсесін ала алады. Яғни, сатып алушылар дүкенде сатушының жоқтығына қарамастан, адалдық қағидасына орай өздеріне өздері қызмет етеді.

Агенттіктің аумақтық департамент басшысы Нұргүл Жанназарова мұндай дүкендердің ашылуы қоғам мен азаматтар арасындағы адамгершілік қасиеттерін дамытуға, мейірімді, адал болуға және өзін-өзі дамытуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен бірге, Ақтау қаласы тек жұмыс бабымен келетін шетелдіктер үшін емес, сондай-ақ, туристер үшін де сүйікті қалаға айналғандықтан, келген қонақтардың жақсы әсермен қайтқаны да маңызды.   

«Бұрын біз осындай адалдық дүкендерін Есенов университеті (Yessenov University) мен Қазақстан теңіз университетінде ашқан болатынбыз. Мұндай дүкендерді ашу ең алдымен, барлық азаматта жақсы моральдық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Аталған факторлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті көтеруге тікелей әсер ететінін атап өткім келеді. Бұл біртіндеп қоғамда сенімділіктің артуына және кез келген азаматқа өзін адал тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік беру болып табылады», - дейді департамент басшысы.

Айта кету қажет, әуежай терминалының өткізу қабілеттілігі, яғни сыйымдылығы сағатына 450 жолаушыны құрайды. Ақтау әуежайы арқылы келіп-кетушілердің саны ішкі және халықаралық рейстерді қоса алғанда күніне 2 мыңнан астам адамды құрайды.

Қазіргі таңда әуежай Астана және Алматы әуежайларынан кейін, тасымал көлемі  бойынша Қазақстан Республикасында үшінші орында  тұр. Әуежайда қазақстандық және шетелдік әуекомпаниялар қызмет көрсетеді, олар 8 ішкі және 16 халықаралық бағыттар бойынша ұшуларды орындайды. Ақтау қаласынан Мәскеу, Ыстамбул, Баку және Киев қалалары арқылы әлемнің кез келген нүктеcіне жетуге болады. Сонымен бірге, Ақтау халықаралық әуежайы жер үстінде қызмет көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету стандарттарына және сапа менеджмент стандарттары жүйесіне сәйкес, ISAGO сертификатын алған Қазақстандағы жалғыз әуежай болып табылады және ISO-9001 сапа менеджменті жүйесінің сертификатын иеленген.

Осыған дейін, әуежай «ТМД елдер арасында ең үздік әуежай» байқауында «ТМД елдер арасында қарқынды дамушы әуежай» номинациясында жеңімпаз болды.

               

Сізден жаңалық