Ақтөбенің 150 жылдығына 65 жастағы ардагер ерекше сыйлық жасады

23 Сәуір 2019, 10:07
1919
Бөлісу:
Ақтөбенің 150 жылдығына 65 жастағы ардагер ерекше сыйлық жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 65 жастан асқан Жұмабай Отарғалиев салауатты өмір салтын ұстанады. Ардагер Ақтөбе қаласының мерейтойы құрметіне 700 шақырым жолды велосипедпен жүріп өткен. Пойыз жолын жағалап жүріп отырған ол 10 күнде Қызылорда облысына барды. Бұл туралы aktobenews.kz сайты хабарлайды.

«Мен өзім теміржолшымын. Өмір бойына осы салада еңбек етіп, зейнетке шықтым. Биыл Қазақстан темір жолының құрылғанына 115 жыл, Ақтөбе қаласына 150 жыл толып жатыр. 10 күнге созылған 700 шақырымдық сапарымды осы атаулы мерекелерге арнап отырмын. Бұл сапар алдын ала жоспарланды. Халықаралық денсаулық күні, яғни, 7-сәуірде жолға шықтым. Алдымен Шалқар қаласына дейін пойызбен жетіп алдым. Сол жақтан пойыздың жолын жағалап, разъездер мен станцияларға аялдап, Қызылорда облысына бет алдым. Жарылған велосипед доңғалақтарымды жөндеп алған кездер болмаса, жолда аса көп кідірген жоқпын», - дейді Жұмабай Отарғалиев.

Ардагер жол бойы тарихи орындарға аялдап, суретке түскен. Қолында жүріп өткен жолының картасы бар. Қай жерге қанша уақытта жеткеніне дейін белгілеп қойған.

«17 сәуір күні түскі мезгілде Қызылорда облысына жеттім. Жоспарым бойынша 19 сәуірде жетуім керек болатын. Ауа райы қолайлы болып, жүрісім де өнімді болды. Атаулы мерейтойларға арналған жоспарымның ойдағыдай өткеніне қуандым. Алдағы уақытта Ақтөбе-Атырау бағытына велосипедпен шығатын боламын», - дейді ардагер.

Өзгелердің жаңалығы