Ақтөбелік кәсіпкерлер туған жерін көркейту үшін 2 миллиард теңге жұмсайды

28 Қаңтар 2019, 16:59
2645
Бөлісу:
Ақтөбелік кәсіпкерлер туған жерін көркейту үшін 2 миллиард теңге жұмсайды

Астана, BAQ.KZ. Ақтөбеде «Ауыл қамқоршысы» жобасы жалғасады. Биыл 200-ден астам елдімекенде кәсіпкерлердің қолдауымен құрылыс жұмыстары, жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы аktobenews.kz сайты хабарлайды.

Ақтөбе облысы бойынша «Ауыл қамқоршысы» жобасы аясында өткен жылы 1,7 миллиард теңгенің жұмысы атқарылды. Мәселен, «Актеп» ЖШС-нің басшысы Нұрлан Сағыналин Алға қаласындағы 19 үйге абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, 40 үйге балалардың ойын алаңын жасап берді. Көшелерге қуат үнемдейтін диотты шамдар қондырылды.

«Нектар» ӨК-нің басшысы Шамиль Каспранов өзінің туған жері Тамды ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізді. Кәсіпкер Гайк Тертерян Есет батыр кесенесін абаттандырды, ал биыл 500 миллион теңге бөліп, жұмысшыларға үй салмақ. «Жақия» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Жанболат Сәрсенов Аралтөбе ауылына спорт және балалардың ойын алаңын салды. Бұл жұмыстарға 90 миллион теңге бөлінді.

Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, биыл құны 2 миллиард теңге болатын 322 жоба іске асырылады. Барлығы 300-ден астам кәсіпкер өз ауылына көмек көрсетеді. Меценаттар Қобда ауданының Қаракемер ауылына 60 орынды мектеп, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылына жабық спорт кешенін, Мәртөк ауданының Хазрет ауылына дәрігерлік амбуратория, Шалқарға Жастар сарайын салмақ. Бұл келісім меморандум кезінде жасалды.

Өзгелердің жаңалығы