Ақтөбелік 50 жас пәтерлі болды

14 Ақпан 2019, 11:58
2707
Бөлісу:
Ақтөбелік 50 жас пәтерлі болды

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбелің 50 жасқа бүгін пәтер кілті табысталды. Баспаналар «Нұр Ақтөбе» ауданында орналасқан. Жеңілдетілген бағдарлама еліміз бойынша Ақтөбе облысында ғана жүзеге асырылып жатыр.

«Жастар жылы» және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай бүгін 50 жас пәтерлі болды. «Нұр Ақтөбе» ауданындағы баспаналардың кілтін иелеріне Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев табыстады. Пәтерлі болғандардың қатарында аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан, ата-анасыз, әлеуметтік салада қызмет жасайтындар бар.

«Баспананың жастар үшін маңызы зор. Жастарға барлық жағынан қолдау болу керек. Биыл 150 пәтер береміз деп айтқан болатынбыз. Алғашқы 50 жас бүгін пәтерлі болып отыр. Бұл жұмыс әлі жалғасады. Биыл кем дегенде «22 мыңға жуық жасты «Жасыл аймақ» бағдарламасымен жұмысқа орналастырамыз, 6 мыңына 40 млн. теңге көлемінде «ZHAS PROJECT» бағдарламасын жалғастыруға мүмкіндік береміз, тағы 500-іне жеңілдетілген несие береміз» деп уәде берген болатынбыз. Сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын»,-деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Баспананың алғашқы жарнасын, яғни 530 мың теңгені әкімдік төлейді, кейін ай сайын 40-50 мыңнан пәтер алушы өзі төлеп отырады. Ал, ең негізгі талап пәтер алушы айына ең кемі 50-60 мың теңге жалақы алуы шарт. Пәтерге өтініш берушілердің алғашқы тізімі мемлекеттік басқарма, департаменттерден жиналған. Ұстаздар, медицина, құқық қорғау салаларының өкілдері. Барлық тізім кейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіне жолданды.

«Жастар жылында» осындай бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымын. Байқауға қатысуға бел буып, құжаттарымызды даярладық. Бір аптада тапсырдық. Осы аптада пәтерімізді таңдап алдық. Айына 40-45 мың теңге төлейміз. Бұл ақшаға коммуналдық қызмет ақылары да кіреді. Жастарды осындай бағдарламаларға қатысуға шақырамын. Қазір жас отбасылар көп қой, пәтер жағалап жүрген. Баспана қолжетімді»,-деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қызметкері Берік Мұстафин.

Биыл 150 пәтер 29 жасқа дейінгі ақтөбеліктерге беріледі. Бүгінгісі алғашқы легі. Жыл соңына дейін тағы 100 ақтөбелік баспаналы болады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ біз жіберген тізімді тексеріп, әр адам бойынша нақты шешім қабылдайды. Бағдарлама бойынша ай сайынғы төлемақыны бөлейік, баспаналы болған жас өз депозитіне 35 мың теңгені төлейді, осы пәтерді жалға алғаны үшін орташа есеппен 4 мың теңге көлемінде ақы төлейді. Коммуналдық қызмет төлемі бар. Барлығын қосқанда жас отбасы айына пәтер үшін 40-45 мың теңге көлемінде ақша төлейді. Бағдарлама тек біздің өңірде ғана жүзеге асырылып жатыр»,-деді Ақтөбе облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Күнтуов.

Бүгінге дейін қабылданған өтініштер саны – 2 мыңға жуық. Пәтерле бастапқыда жалға беріледі. 6 жылға дейін бұл үйде жалға тұруға мүмкіндік бар. Сол аралықта банк шотына ақша жинай береді. Одан кейін сатып алуға болады.

Әсел АБАТ

Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметінен

Өзгелердің жаңалығы