Ақтөбелік 177 студентке облыс әкімінің атаулы стипендиясы берілді

28 Мамыр 2019, 10:25
1702
Бөлісу:
Ақтөбелік 177 студентке  облыс әкімінің атаулы  стипендиясы  берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Шығармашылық академиясында» болды. Аймақ басшысы алдымен студент жастардың ұйымдастырған ғылыми жобалық көрмесін тамашалады. Содан соң, атаулы стипендияны табыстау салтанатты шарасына қатысты. 

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған шәкіртақы оқу үлгерімі жоғары, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысқан, сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан түрлі оқу орындарының 177 студентіне тағайындалды.

«Әрбір мемлекеттің, қоғам дамуы жастарға байланысты, себебі жастарда жігер, қайрат, жаңашылдық, ізденімпаздық бар. Әрбір мемлекет өзінің болашағы үшін жастарға ерекше көңіл бөледі. Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы сіздерге үлкен мүмкіндіктер берді.  Бұл – мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам", - деді облыс әкімі.

Қолдауға ие болған жастар  аймақ басшысына алғыстарын білдірді.

Облыс әкімінің жастарды қолдауға арналған жобасына 15 оқу орнының 177 құжаты жіберілді, яғни 4 ЖОО-дан – 137 құжат және 11 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарынан – 40 құжат. Биылғы жылы стипендия көлемі жоғары оқу орындарының студенттері үшін 160,0 мың теңгені, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының студенттері үшін 80,0 мың теңгені құрайды.

Өзгелердің жаңалығы