Ақтөбеде цемент зауыты салынады

20 Ақпан 2019, 19:02
2674
Бөлісу:
Ақтөбеде цемент зауыты салынады

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбенің Байғанин ауданында қуаттылығы жылына 1,8 миллион тонналық цемент зауыты салынады. Ақтөбеліктер жобаны түрік компаниясымен жүзеге асырылады. Бұл туралы "Ақтөбе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ басшысы Әнуар Маханов мәлімдеді.

Бүгінде Ресейден қымбат бағаға импортталатын құрылысқа ең қажетті - цемент ендігі жерде Ақтөбе облысында өндіріледі. Жылына 1,8 млн. тонна өнім шығаратын цемент зауытының құрылысы осы жылдың сәуір айында басталады. Осылайша, өңірді цементпен қамтамасыз ету қажеттілігін шешіледі. "Ақтөбе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ «DalHolding Investment Company» түрік компаниясымен жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізді. Құны 101 млрд. теңге болатын цемент зауыты Байғанин ауданында салынады.

«Қазір «Ақтөбе Цемент» ЖШС-мен бірлескен кәсіпорны құрылып, жол картасына қол қойылды. Құрылыс-монтажтау жұмыстары 2019 жылдың сәуір айында басталады. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация мен «DalHolding Investment Company»арасындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды», - деді "Ақтөбе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ басшысы Әнуар Маханов.

«Ақтөбе» ӘКК-нің қатысуымен іске асырылатын жобалар қатарында – блоктық-модульдік және блоктық-қаңқалы мұнай-газ кәсіпшілігі жабдықтарын өндіретін зауыт құрылысы да бар. «УфаНефтеГазМаш» ЖШС-і инвестицияларының сомасы 15 млрд. теңгені құрайды.

«Қоршаған ортаның қатты тұрмыстық қалдықтармен ластануына байланысты өзекті мәселелердің бірін шешу үшін «Ақтөбе» ӘКК акционерлік қоғамы «Creative Energy» ЖШС компаниясымен меморандумға қол қойды, оның шеңберінде Ақтөбе қаласында «Қатты тұрмыстық қалдықтар өңдеу жөніндегі энерготехнологиялық кешен»  инвестициялық жобасы іске асырылмақ»,- деді Әнуар Маханов.

Жаңа жоба барлық экологиялық талаптарға жауап береді. Бұрын қолданыста болған  шикізат әрі қарай жағылып, отын түрінде пайдаланылады. Ол үшін қазіргі заманғы технологиялар қолданылады. Жобаның құны  - 33 млрд. теңге.

Әсе АБАТ
Өзгелердің жаңалығы