Ақтөбеде тракторшылар тапшы

6 Ақпан 2019, 14:59
1991
Бөлісу:
Ақтөбеде тракторшылар тапшы

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ақтөбе облысында 38 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Алдарына осындай міндет қойған Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ол үшін бюджеттен 7,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржының көлемі алдағы уақытта көбеюі мүмкін. «Жастар жылына» орай арнайы жастарды жұмысқа орналастырып, кәсіптерін ашуға ғана жұмсалатын болады. Министрлікте қарастырылып жатыр. Басқарма басшысы Қайрат Отаровтың сөзінше, өңірде жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары.

«Облыста заңгер, экономистерге сұраныс аз. Жұмыссыздар санын солар толықтырып отыр. Жұмыс жоқ. Керісінше, жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Қазір біз осы мамандықтарға көп көңіл бөліп отырмыз. Оларды жұмысқа орналастырамыз. Аймақта көлік жолдары салынып жатыр, бульдозер, тракторларды басқара алатын адам керек. Олардың жалақысы былтыр 100-120 мың теңге көлемінде болды. Мысалы, 2018 жылы Темір, Мұғалжар аудандарында ірі көлік техникаларын жүргізетін адам таба алмады. Былтыр оқу орталықтарын ашып, мамандарды оқыттық», - деді Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.

Көп балалы отбасы, зейнет жасындағыларды жұмысқа орналастыруға арнайы жеңілдік жоқ. Барлығы бірдей жұмыссыз ретінде ғана тіркеледі. Квота тек мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бөлінеді. Квота мөлшері 2-4 процент көлемінде. Биыл 956 жарымжанды жұмыспен қамту жоспарланған. Аймақта былтыр 50 мыңға жуық адам жұмыс тапқан. Техникалық және кәсіптік, қысқа мерзімді оқыту, «Бастау бизнес» жобалары аясында өңір тұрғындары кәсіптерін ашып, тұрақты жұмыспен қамтылды. 997 ақтөбелік 4 669 миллион теңгеден көп көлемде шағын несиеге қол жеткізген. Шағын несие алғандар шаштараз, шеберхана, массаж кабинеттерін ашыпты.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 49 761 адам өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтылған, жұмыссыз, аз қамтылған азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүргізілді. Техинкалық және кәсіптік оқуға 1 085 адам бағытталып, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды 2 500 адам аяқтап шықты. Бизнес-идеяларын іске асыру үшін 100 АЕК көлемінде 117 грант берілді. Алғаш жүзеге асырылған болатын. 29 мыңға жуық адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты. Былтыр тұрғындарды жұмысқа орналастыру мақсатында бөлінген 7 млрд. теңгенің 97 пайызын игердік»,-деді Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Биыл айлық есептік көрсеткіш көлемі өсті. Тегін берілетін грант көлемі 252 мың теңгеге артқан. 86 ақтөбелікке 21,6 млн. теңге көлемінде грант беру қарастырылған.

Әсел АБАТ

Өзгелердің жаңалығы