Ақтөбе: тағы бір қаржы пирамидасына қатысты шу шықты

22 Ақпан 2020, 03:52
2232
Бөлісу:
Ақтөбе: тағы бір қаржы пирамидасына қатысты шу шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде тағы бір қаржы ұйымының ісі полицейлердің назарына ілікті. "Гарант 24 ломбард" қаржылық ұйымының салымшылары компания алдында шу шығарды.  

Ақтөбеде бұған дейін де жалған қаржылық ұйымға қатысты іс қозғалған.

Бүгін тағы бір ұйым - "Гарант 24 ломбард" ЖШС-ға қатысты шу шықты. Ақтөбеліктер ЖШС кеңсесіне барып, ақшаларын қайтара алмай әуре-сарсаңға түсті.

 

Келісімшарт қолымызда. Бас кеңсе Нұр-Сұлтан қаласында деп жазылған. Ақшаны алып, пайыздық үстемемен қайтарып беруге уәде етті. Кеше адамдар кесте бойынша салған ақшасының бір бөлігін алуы тиіс еді, бермеген. Бірақ сол кезде де адамдардың өз қаржысын салғанын көрген, - деді ақша салған тұрғынның бірі.

Бүгін компания кеңсесінде тінту жүргізіліп, оған ақша салған азаматтарға арыз жазуларын жеткізді. Мекеме өкілдері салымшыларға құйған қаражатын бірнеше есе үстемемен қайтаруды уәде етіпті. Тіпті жеке көліктері мен пәтерін де салған тұрғындар болған. Қазір зардап шеккен ақтөбеліктердің саны анықталып жатыр. 

 

Қазір "Ломбард 24" компаниясына қатысты тексеру шарасы жүріп жатыр. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Тергеу жұмыстарын жүргіземіз. Сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. Егер қандай да бір мәселе, шағымдарыңыз болса полиция бөлімдеріне барып арыздануларыңызға болады, - деді облыстық ПД тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы.

Мұндай деректің тіркелуі Ақтөбеде алғаш рет емес. Бұған дейін 300 мың теңге салған азаматтарға жүздеген үстемемен қайтаруды уәде еткен бір қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылған болатын. Ол іске қатысты соңғы рет 500 адамның арызданғаны айтылған еді. 

Өзгелердің жаңалығы