Ақтөбеде тағдыры ауыр 6 жасөспірім баспаналы болды

23 Сәуір 2019, 12:48
1571
Бөлісу:
Ақтөбеде тағдыры ауыр 6 жасөспірім баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы әкімдігі ғимаратында ұйымдастырылған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық шарасына қатысты. Бұл туралы aktobegazeti.kz сайты хабарлады.

Бүгінде облыс бойынша 979 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала тіркелсе, оның 788-і қорғаншылықпен қамтылып, 102-сі патронаттық, 89-ы интернаттық мекемелерде тәрбиеленуде. Сондай-ақ 2016-2020 жылдарға арналған жетім балаларды қолдау бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамында арнайы   есепшоттар ашылғаны белгілі.

Ақтөбе қаласы әкімінен бастап, бөлім басшылары, орынбасарлары, кәсіпорын басшылары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары ай сайынғы жалақысынан осы шоттарға қаржы аударады. Жетім балаларды қолдауға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшылығы да қомақты үлес қосып, осы кезге дейін 44 баланың пәтер алуына жағдай жасаған.

Оңдасын Оразалин «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да есепшоттары белгілі бір сомада толтырылған 6 жастың әрқайсысына бір бөлмелік пәтер кілттерін табыстады.

«Елбасымыздың еліміздегі бірде-бір баланы қамқорлықсыз, қараусыз қалдырмау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға атсалысқан өңіріміздегі белсенді азаматтарға аса ризашылығымды білдіремін. Әр баланың тағдыры әртүрлі. Ата-анасынан ерте қалған балаларға қолдау көрсетіп, өмірде аяқтарынан тұрып кетуі үшін біз оларды демеп жіберуіміз керек. Мамандық алуына жағдай жасап, оқуына қаржылай көмектесіп, баспанасының алғашқы жарнасын төлеп, осы ізгі дәстүрді жалғастырсақ, балалар ертең азамат болып қалыптасқанда өздеріне жасалған қамқорлықты еш ұмытпайды. Себебі, еліміздің ертеңі – осылар», - деді облыс әкімі.

Жиында жастарға демушілер тарапынан 30-100 мың теңге көлемінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ шоттарына түсетін қаржылай сертификаттар табыс етілді. Қала бойынша 18-ге толмаған 436 жетім бала есепте тұр. Ата-аналарынан қалған мүліктері бар бала саны 107 болса, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 329 бала мүлікке мұқтаж. Осы 329 баланың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ында жеке есепшоттары ашылған.

Жаңа қонысқа ие болған жасөспірімдер өмірлік қадамдарына үлкен қолдау білдірген аймақ басшысына ризашылықтарын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы