Бас жаңалықтар
Ақтөбеде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек беріледі
15 Ақпан 2019, 12:22 687

Ақтөбеде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек беріледі

Астана, BAQ.KZ. Ақтөбе қаласы әкімдігінің қызметкерлері, депутаттар мен кәсіпкерлер өздерінің айлық табысын қоғамдық қорға аударады. 

Ақтөбеде әлеуметтік мәселелер бойынша Ашық есік күндері акциясы жалғасуда. Шара барысында облыс тұрғындары Ақтөбе әкімдігінің, облыстық басқармалардың, құқық қорғау органдарының және коммуналдық қызметтердің басшылары мен мамандарына жеке сұрақтары бойынша тікелей жүгіне алады. 8-12 ақпан аралығында азаматтарды қабылдау пункттеріне 2267 сұрақпен 2155 адам келген.

«Тұрғын үй, атаулы көмек, әлеуметтік және жер мәселелері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық проблемалары тұрғындарды жиі толғандырады екен. Жеке мәселесімен келген азаматтардың да барлық сұрақтары талданып, алдағы жұмыс бағыттары анықталды. Акция кезінде балаларды балабақшалар мен мектептерге орналастыру, материалдық көмек көрсету, тегін дәрі-дәрмек бөлу және бірнеше адамды жұмысқа орналастыру сияқты 220 мәселе шешілді. Келіп түскен 1801 мәселе бойынша азаматтарға кеңес берілді, ал бірқатар сұраққа байланысты одан әрі іс-қимыл жоспары жасалды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тағы 27 адамға жақын арада 2 млн 650 мың теңге көлемінде материалдық көмек берілетін болды. Қалған 219 мәселе қаралу үстінде», дейді әкімдік қызметкері.

Ашық есік күндері аясында қала әкімдігі қоғамдық белсенділер, депутаттар және мемлекеттік мекемелер өкілдерінен тұратын мобильдік топтар құрды. Олар орын алған мәселелерді шешудің тиімді тәсілдерін анықтау үшін көмекке аса мұқтаж жандардың отбасыларына бармақ.

2017 жылы 17 қаңтарда өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету мақсатында құрылған "Қолғанат Ақтөбе" қоғамдық қорына айлық жалақыны аудару туралы Ақтөбе әкімі Ілияс Испановтың жеке бастамасы үлкен оқиға болғаны есімізде. Қор өз жұмысын толық көлемде бастады және сол жылы сәуір айында Ақтөбе қаласындағы су тасқыны салдарын жоюға және мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуде барынша белсенділік танытты.

«Әкімнің бастамасын депутаттар, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері қолдады. Айта кетейік, Ақтөбе әкімі 2017 жылдан бері ай сайын жетім Артем Степаненконың шотына ақша аударады. Осы аударымды санамағанда, Ілияс Испанов ағымдағы айдағы барлық қалған жалақысын "Қолғанат Ақтөбе" қоғамдық қорының шотына аудармақ. Сондай-ақ, қала әкімдігі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен 2016 жылдан бері 443 жетім балаға әлеуметтік-патронаждық көмек көрсетуде», дейді әкімдік қызметкері..

Ашық есік күндері 14-15 ақпан аралығында өтеді

Загрузка...