Ақтөбеде аймақтық имамдардың ІІІ форумы өтті

19 Қараша 2019, 02:50
1783
Бөлісу:
Ақтөбеде аймақтық имамдардың ІІІ форумы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде "Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" тақырыбында ІІІ аймақтық имамдар форумы өтті, жазды muftyat.kz.   

Форумға елордадан ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ аймақтағы дін саласының қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қалалық, аудандық, ауылдық мешіттердің имамдары, ұстаздар мен жалпы жамағат қатысты.

Жиында елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған "Жеті рухани қазық" Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, "Діни лауазым тізілімі және міндеттері", "Діни рәсімдер тізілімі" сынды маңызды үш құжат жұртшылыққа таныстырылды. Сондай-ақ мүфтияттың қызметі туралы бейнефильм көрсетілді.

Жиынды ашқан Наурызбай қажы Өтпенов "Жеті рухани қазық – шамшырақ іспетті" атты тақырыпта ауқымды баяндама жасады. Ол Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасын жұртшылыққа таныстырып, түсіндіріп өтті.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов жиынға қатысушыларға облыс әкімі Оңдасын Оразалинның құттықтауын жеткізіп, форум жұмысына табыс тіледі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталы "Жеті рухани қазық" рухани тұғырнамасына байланысты пікірін ортаға салды. Ол тарихи құжаттардың өзектілігін атап өтіп, ел өміріндегі маңыздылығын жоғары бағалады.

Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби қажы Оспан "ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері" деген тақырыпта көлемді баяндама жасады. Өз кезегінде жарыссөзде шығып сөйлеушілер осы діни лауазымдар тізілімі мен міндеттерінің бекітілуі, діни қызметті бірізділікке түсіретінін атап көрсетті.

Ақтөбе аймақтық имамдар форумының соңында облыстық орталық "Нұр Ғасыр" мешітінің наиб имамы Қайрат Дәрменов форумға қатысушылардың Үндеуін жариялады.

Өзгелердің жаңалығы